Теңге бағамы нығайып жатыр. Неге?

Кәмшат Тілеухан 24 сәу. 2025 16:59 154

Қазақстан қор биржасында 24 сәуірде күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының орташа белгіленген бағамы 517,16 теңге болып, бір тәулікте 1,22 теңгеге арзандады. Өткен аптаның соңында ғана құны 521 теңге болған америкалық валюта осы аптадан бастап құнсыздануға көшкен. Оның себебі неде? Бұл сауалға жауапты Dalanews.kz сайтынан оқи отырыңыздар.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы теңгенің нығаюына түрткі бірнеше факторды атады.

"ҚР Ұлттық Банкі, экспорттаушылар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан шетел валютасы түріндегі тұрақты ұсыныстың валюта нарығындағы жағдайға ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ нарыққа қатысушы жекелеген тұлғалардың шетел валютасына деген сұранысты ішінара қанағаттандыруы да қолдау көрсеткен болуы керек. Сыртқы факторлардың ішінде аптаның басында теңгеге шаққанда нығая түскен ресейлік рубль, АҚШ-тың Иран мұнайына қарсы енгізбек жаңа санкциялары аясында мұнай бағасының өсімі, сондай-ақ инвесторлардың америкалық активтерден жаһандық деңгейде жаппай арылуға тырысуы доллардың құлдырауына қолдау көрсетті", делінген қауымдастық түсініктемесінде.

Ал сәрсенбі күні теңгенің аздап құнын жоғалтуына бюджет қаражатын игеруді жеделдету, сондай-ақ сыртқы борышқа қызмет көрсету қажеттілігі аясында импорттық келісімшарттар бойынша есеп айырысулардың ұлғаюы түрткі болуы ықтимал. Сондай-ақ, ақша бағамына Ресей рублі позициясының нашарлауы және Қытай мен АҚШ арасындағы геосаяси шиеленістің жалғасуы теріс әсер етті.  Мәселен, Ресей Банкінің ресми мәліметтеріне сәйкес, 24 сәуірде 1 АҚШ долларының бағамы 82,36 рубль деңгейінде белгіленді. Бір күн бұрын бұл баға  80,75 рубль болған еді.  

Dalanews.kz сайтына пікір білдірген сарапшылар 1 АҚШ долларының бағамы алдағы күндері 517-530 теңге аралығында  болады деп топшылайды, ал жыл соңына қарай қазір арзандап жатқан америкалық валюта қайта күшіне енетіні болжанады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар