«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңір тұрғындары туған өлкені абаттандыруға үлес қосуды жалғастыруда.
Бүгін барлық қалалар мен аудандарда санитарлық тазарту шаралары өтті. Құрал-жабдықтармен қаруланған жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар, белсенділер және бей-жай қарамайтын азаматтар сенбілікке ықыласпен шықты.
Олар ластанған көшелерді, аулаларды, саябақтар мен алаңдарды тазартты. Ал Сәтбаев қаласының еңбек ұжымдары өндірістік кәсіпорындардың аумақтарында тазалау, сырлау, әктеу жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларында да жұмыс қызу жүріп жатты. «Үздік аула» акциясын облыстың барлық ПИК-тары қолдады. Тұрғындармен бірге олар бірге тазалық орнатып, ағаштарды суарып, гүлзарларды ретке келтірді.
Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында бұлақтардың жанында және өзендердің жағасында экологиялық акция өтті. Ұлытау ауданының тұрғындары келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін «Күміс бұлақ», «Тасбұлақ» бұлақтарының айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жаңаарқалықтар Сарысу өзенінің жағасын қоқыстан тазартып, шомылу орындарын ретке келтірді
Жезқазған және Сәтбаев қалаларында мектепке дейінгі мекемелердің аумағында құс үйлерін орнату бойынша «Құстарға қамқорлық» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында ата-аналар балаларымен бірге құс үйлерін жасап, оларды балабақша аумағында өсетін ағаштарға бекітті. Осылайша, олар қызықты уақыт өткізіп қана қоймай, табиғат пен еңбекке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге үлес қосты.
Экологиялық акцияны өткізуге «Жасыл ел» жастар жасақтары үлкен үлес қосты. «Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Сондықтан, біз жерлестерді тазалықты сақтауға және бізге қосылуға шақырамыз», - деп атап өтті қоғам белсендісі, «Сәтбаев қаласы «Любавушка» орыс этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Инна Мосунова.
Бүгінде барлығы 4600-ден астам адам мен 63 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, 90 тоннадан астам қоқыс шығарылды.