Шараны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы орай ШҚО Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек. Басқосуға ШҚО-ның белсенді жастары қатсып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды. Осы ретте шараны ұйымдастырушылар дөңгелек үстелді Тәуелсіздіктің 30 жылдығында еліміздің жеткен жетістігін сараптау, жастар арасында ұлттық мұраларымызды насихаттау, жасөспірімдер арасында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру үшін ұйымдастырғандарын алға тартты.
Дөңгелек үстел барысында сөз алған ШҚО Жастар ресурстық орталғының жетекшісі Арайлым Есімбекова Тәуелсіздік еліміздің өсіп-өркендеуіне негіз болғанын айта келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында жастарға зор мүмкіндік ұстанған, қарқынды дамуға бет алған мемлекеттік ірге тасы қаланғанын атап өтті.
– Маған кейбір адамдар «барлық жерде жастарды қолдап, оларды неге марапаттап жатады» деп жиі сұрайды. Бұл сұраққа өз басым «өйткені, біздің мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында» деп жауап беремін. Бүгінде жастарды қолдау, олардың әлеуметтік мәселесін шешуі, алаңсыз білім алуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осындай саясат жүргізіп отырған елдің болашағы жарқын болатыны сөзсіз, – деді Арайлым Есімбекова.
Дөңгелек үстел барысында жастар өз ойларын ортаға салып, ел Тәуелсіздігін нығайту үшін не істеу керек екенін айтты. Жастар жан-жақты білім алып, Қазақстанның мемлекеттігін нығайтуға бағыттаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде С.Аманжолов атындағы ШҚО Мемлекеттік университетінің түлегі, волонтер Ұлан Көшербай «Біздер мемлекетімізге қандай пайдамызды тигіземіз деп ұдайы ойлануымыз керек. Өйткені дәл қазір бізде мүмкіндік те, уақыт та бар» деді.
Жиын соңында Өскемен қаласындағы үздік волонтерлер анықталып, марапатталды.