Тәшенов? Оның күрескер екеніне күмәнім көп - саясаттанушы

Dalanews 11 мау. 2020 11:01 889

Cаясаттанушы Данияр Әшімбаев қуғын-сүргін тақырыбы тым саясиланған деп санайды. Репрессия құрбандарының тағдыр-талайын талқылау ​саяси ойынның құралына айналып кеткен.




Dalanews.kz сарапшының осы төңіректегі ой-толғамын ықшамдап ұсынады.

Әшімбаевтың пікірінше коммунизмге әлі де болса толық тарихи баға берілген жоқ.

"Тіпті біз білетін Алаш арыстарының өзі Ресейден бөлінуді құп көрмеді, әрі кеткенде автономия сұрады. "Алаш Орда үкіметі тәуелсіздік алуға ұмтылды" деп жаңсақ жазып жүргендер бар.

Түптеп келгенде ешкім де сол жылдарды тереңірек зерттеп, байыпты баға бергісі келмейді", – дейді саясаттанушы.

Әшімбаев осы арада ҚазКСР-дің төрағасы болған Жұмабек Тәшеновке тоқталыпты.

"Тәшеновті қазақ аудандарын Өзбекстан мен Қырғызстанға, Ақмола өңірін Ресейге беруге қарсы шыққан күрескер ретінде суреттейді. Қағаз-құжатты ақтара келе мүлде басқа көрініске куә боласыз.

Мәселен Бостандық ауданын Өзбекстанға берерде дәл осы Тәшенов баяндама жасаған. Бүтін бір аудан сол баяндаманың негізінде Өзбекстанға өтіп кетті.


Ал Ақмола облысын Қазақстаннан жырып алу туралы сөз болған жоқ. Тың игеру Хрущев саясатының басты бағдары еді. Алайда қаржыландыру Алматы арқылы өтетін.

Тиісінше тың игеруге бөлінген қомақты қаражаттың біршама бөлігі Целиноградқа жетпей, Алматыда игеріліп кететін-ді. Хрущев Целиноградқа бөлінген ақшаның Алматыны айналып өтіп, тікелей Мәскеу арқылы келуін көздеді.

Бұған Тәшенов қарсы шықты. Өз басым оның Хрущевқа дөңайбат көрсетіп, «БҰҰ-ға барып байбалам салғанына» күмәнмен қараймын.


Маңғышлақтың Түркіменстанға берілуіне қарсы шыққаны да жәй ғана қауесет.

Мұндай мәселе көтерілген жоқ. Бірқатар мұнай-кен орындарын «Түркіменмұнайдың» басқаруына беру, сол арқылы республика аралық кластер құру туралы талқылау болды.

Ол тұста Тәшенов отставкаға кетіп қалған.

Міне, солай. Оның төңірегіндегі аңыз бен ақиқатты айыра алмай, Кеңес одағынан шекпенінен шыққан шенеунікті «тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаға» айналдырып жібердік», – дейді ол.

Әшімбаевтың айтуынша мұндай мұндай мысал жетіп артылады. Саясаттанушы осы арада ашаршылықты сөз етіп, нәубетке негізгі кінәлі ретінде – қазақтың шолақ белсенділерін атапты.


«Кейбіреулер асыра сөйлеуге машықтанып алғаны сондай "аштықтан 6 млн қазақ қырылып қалды" дейді.
Оның себебін Сталиннің түркі тектестерді суқаны сүймейтінімен түсіндіреді.

Ұжымдастыру науқаны Қазақстанмен қатар жүрген өзге түркі елдеріне қарар болсаңыз дәл біздей бейнет көрмепті. Сорлауымыздың себебі – жергілікті жердегі атқамінерлердің әпербақан әрекетінен болды», – дейді Әшімбаев.

Сарапшы бұл арада Мәскеудің малсыз қалған қазақтарға қол ұшын созғанын айтады.

"Бір жерден оқығаным бар, Мәскеу ашаршылықтың алдында Қазақстандағы мал басын қалпына келтіру үшін қомақты қаражат бөледі. Алайда ақша мақсатты жерге жұмсалмайды, талан-таражға түседі.

Мәселе неде? Ұжымдастырудың басы-қасында жүрген қазақтың саяси қайраткерлерінің өзі 1937-38 жылы репрессияның тұзағына ілінді. Сөйтіп саяси жауапкершіліктен құтылды десек те болады.


Сол жылдардың қағаз құжатын ақтарған адам ашаршылыққа жол берген қазақтың партия қызметкерлері екенін аңдар еді.  Аш-жалаңаш қазақтар бас сауғалап іргедегі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстанға ауды. Бұл өңірлер де ұжымдастыруға ұшырады. Алайда аштан бұралған жоқ, жаппай қырылған жоқ», – дейді сарапшы.

Саясаттанушының пайымдауынша әзір өткен тарихты бұрмалау басым болып тұр. Кейбір тарихи тұлғалар мен олардың ой-пайымын контекстен кесіп алып, адамды адастыру белең алып барады.


"Сталин қазақтарды иттің етінен жек көрсе, қазақтың көрнекті қайраткері Тұрар Рысқұловқа Ресей үкіметінің жоғары лауазымын сеніп тапсырмас еді. Бұған Жалпыресейлік атқару комитетінде ұлттар бөлімін басқарған
 Санжар Асфендияровты, Әбілқайыр Досовты, Нығмет Нұрмақовты қосыңыз.

1936 жылы Қазақстанды одақтық республика деңгейіне көтерген Сталиннің өзі еді. Бұл бұйрық біздің елдің оң-сол танып, кейіннен біртұтаст мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашты», – дейді ол.

Геноцид? «Ол туралы айту, асыра сілтеу. Тарихи деректерді бұрмалау», – деген пікірде Әшімбаев.

Саясаттанушы Қазақстанның КСРО құрамындағы тарихына біржақты баға беруге болмайды дейді.

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]«Иә, қиын-қыстау кезеңді бастан кешірдік, бірақ жақсылығы да жетіп артылады. Соңғысы туралы сөз қозғағымыз келмейді, керісінше көпе-көрнеу күйе жағып, қаралауға келгенде жүйрікпіз.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аяқасты пайда болмағанын, оның кешегі ҚазКСР-нің ізбасары екенін мойындағымыз жоқ», – дейді Әшімбаев.[/perfectpullquote]

Оның пікірінше Қазақстан коммунистік мұрадан бас тарта алмайды. Бас тартуға бел байлады ма, ендеше сол тұста салынған ескерткіштерді, ғимараттарды жермен-жексен ету керек.

"Осыдан бірнеше жыл бұрын ату жазасына кесілген репрессия құрбандарының санын көбейту туралы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Левон Мирзоянның қолы қойылған құжат желіде жарияланып, мұның соңы айғай-шуға ұласты.

"Жауыз армян» қазақтың көзін құртпақ болды" деп байбалам салғандардың айтағына ерген билік Алматы мен Астанадағы Мирзоян көшесінің атын ауыстырып тастады. Әлгі құжаттың төменгі жағында Мирзоянмен таласып қол қойғандардың тең жартысы қазақ екенін ешкім елеген жоқ. Олардың атындағы көше әлі тұр...», – дейді Әшімбаев.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


ia-centr.ru сайтынан ықшамдап аударылды


 

Dalanews.kz автордың пікірі редакция көзқарасымен сәйкес келе бермейтінін ескертеді. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар