Таразда екі полиция қызметкері ұсталған азаматқа жалған айып тағу үшін оның қалтасына есірткі салып жіберді деген күдікке ілінді. Қазір бұл дерек бойынша Жамбыл облысында қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, биыл ақпан айында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының капитандары Г.М. мен А.Е. Тараздағы ойын клубтарының бірінің маңында Өзбекстан азаматы Х.Д.-ны тоқтатқан, деп жазады Halyqstan.
Күдіктілер азаматтың қалтасына есірткі салып, кейін оны «тауып алғанын» айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 1,5 миллион теңге талап еткен. Алайда ер адам ақша беруден бас тартқан. Осыдан кейін полицейлер оған есірткінің қай жерде жатқанын өздері көрсетіп, жедел-тергеу тобы келгенге дейін есірткіні өткізгенін мойындатуға тырысқан.
Бастапқыда Х.Д.-ға қатысты есірткіні заңсыз сатты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Алайда кейін тексеру барысында полиция қызметкерлерінің әрекетіне де құқықтық баға беріле бастады.
Жақында іс материалдары Тараз прокуратурасынан Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне жолданды. Қазір тергеу Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы («Билікті немесе қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, өткен жылдың наурыз айында осы басқарманың тағы бірнеше жедел қызметкері дәл осы бап бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сондай-ақ олар арнайы атақтарынан айырылып, мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.