Танымал тележурналист Ерқанат Көпжасар "Қазақстан" арнасының Алматы филиалына директор болды

Танымал тележурналист Ерқанат Көпжасар "Қазақстан" арнасының Алматы филиалына директор болды
Фото: facebook

Танымал тележурналист Ерқанат Көпжасар "Қазақстан" арнасының Алматы филиалына директор болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бүгін Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясы төрағасының орынбасары Айзада Жаманқұлова "Қазақстан" РТРК" Алматы қаласындағы филиалы ұжымына жаңа басшысын таныстырды. Ол - журналист, "Таңшолпан", "Кеш жарық, Қазақстан", "Ашық алаң" хабарларының жүргізушісі болған Ерқанат Көпжасарұлы.

Ерқанат Көпжасарұлы 1987 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы Қазақ радиосының «Әлеумет» редакциясында редактор болып бастаған. Кейін Қазақ радиосының Алматы студиясында редактор қызметін атқарды. 2017-2022 жылдар аралығында «31 канал» телерадиокомпаниясының «Информбюро» ақпараттық бағдарламалар бөлімінде жетекші тілші болды. 2022 жылдан бері «Қазақстан» телерадиокорпорациясында, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бағдарламалар өндірісі жөніндегі дирекциясында продюсер-жүргізуші және «Ашық алаң» бағдарламасының жүргізушісі қызметін атқарып келді.

Айта кетейік, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасын, «Balapan», «QAZSPORT», «Abai TV» телеарналарын, «Агентство Телевизионных Новостей» серіктестігін, Қазақ радиосын, «Шалқар» Ұлттық арнасын, «Classic» радиоларын және аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орын алады. Мекеме Қазақстандағы теле-радиожурналистиканың үздік дәстүрін мұра етіп келеді. Оның бастауында 1922 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарна тұр.