Танымал актер Назарбаевтар әулетінің Жаңа жыл кешін қалай басқарғанын айтып берді

Көркем Алдабергенова 28 ақп. 2025 13:04 349

Танымал актер, театр майталманы Рахман Омар осыдан 20 жыл бұрынғы қызықты оқиғасын есіне алды. Ол Назарбаев әулетінің отбасылық кешінде жүргізуші болған сәтін Дулат Тастекеймен сұхбатында әңгімелеп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“2004 жылы Назарбаевтың үйіндегі Жаңа жылдық кешті жүргіздім. Бұл — тек отбасы мүшелері мен жақындары ғана жиналған кеш еді. Балалары, немерелері, құдалары шақырылды. Құлыбаевтар мен Әлиевтер әулетінің үлкендері де болды. Тимур Құлыбаевты алғаш рет сол кезде көрдім. Өте жинақы, барлығына мұқият қарайтын, байсалды адам екен. Ал Әлиев мүлде басқа мінезді болып шықты. Елбасы сөйлеп жатқанда, әр сөзіне күліп, тіпті аяғын үстелге қойып отырды. Сол сәтте Назарбаевтың түрі бұзылып кетті. Ол кезде Әлиев ҰҚҚ-ны басқарып тұрған еді. “Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді” деген осы. Депутаттардың өзі одан қорқып жүретін”, – деп еске алды актер.

Сонымен қатар, театр жұлдызы той жүргізіп, ең көп қаламақы алған кезі туралы да айтып өтті.

“Асаба болуыма ұлым себепкер болды. Бір күні үш жастағы балам нанға май жағып берші деп сұрады. Бірақ оны сатып алатын ақша жоқ еді. Сол кезде той жүргізуге бел будым. Үйде дайындалып, Төлеген мен Мұқағалидың өлеңдерін жаттайтынмын. Алғашында тойбастар тарататын көмекші, кейін асаба болдым. Назарбаевтар әулетінің жабық кештерін бірнеше рет жүргіздім. Ең көп төленген гонорарға екі бөлмелі пәтер алдым”, – деді киножұлдыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар