Талғардағы трагедия: Белгілі заңгер “Хутор” бандасы туралы сөз қозғады

Қаракөз Амантай 21 қаз. 2024 13:08 33998

Қазақстандық заңгер, азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев “Хутор” бандасы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, мұндай қылмыстық топтар Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде кездеседі. 

“Соңғы ақпараттарға сүйенсек, он бірінші күдікті қолға түсіпті. Оның тегінің алғашқы әрпі Хасан Қасымбаевпен сәйкес келеді деп жатыр. Бірақ ол расымен Қасымбаевтар әулетінің бірі ме, әлде жоқ па, белгісіз. Менің ойымша, бұл азаматтар тобы немесе осы топтың атауы белгілі бір аймақ пен бұрынғы атауға байланысты пайдаланылған. Бұл – Алматыда бұрыннан бар, яғни жастардың бейресми топтарын жергілікті ерекшеліктер бойынша бөлетін дәстүрдің көрінісі.

Менің ойымша, осы істе есімдері аталып жатқан бауырлар жас кездерінде “Хуторские” деп аталып келген. Алматыда, Казанда, Кеңес одағы кезінде де  осыған ұқсас әлеуметтік топтар болған. Бұл тек Қазақстанда емес, әлемнің көп жерлерінде бар”, - деді ол Гиперборей YouTube арнасына берген сұқбатында. 

Оның сөзінше, бүгінде жұрт олардың әрекетін өткен күндердің тарихымен байланыстырып отыр.

“Ал қазіргі уақытта адамдар өткен күндердің атақ-даңқтарына назар аударып отыр. Олар кезінде өздерін мықты әрі сөздерінде салмағы бар азамат ретінде және жас жігіттерге қолдау көрсете алатын топ ретінде танытқан. Міне, осы әрекеттерінің соңы осындай салдарға әкелді. Бір бауырын мемлекеттік қызметтен шеттетті. Екіншісін, бәлкім, ұстап та алған шығар. Бұның қайда бағыт алатынын көреміз. Мәселен, Талғар ауданының тұрғындарының бірі жағдайымыз жақсы десе, енді бірі аталмыш топ тұрғындарды үрейде ұстап отыр деп дабыл қағуда”, - дейді заңгер.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.

Бұған дейін әлемжеліде осы қылмыстық іске “Хутор” бандаларының қатысы бар деген алып-қашпа әңгіме тараған еді. Түрлі дереккөз оның басшысы ретінде Хасан Қасымбаев есімді азаматты көрсеткен. Алайда Қасымбаев әлемжеліде тарап жатқан ақпараттаодың жалған екенін әрі өзіне жала жабылып жатқанын алға тартты.

“Банда, ОПГ деп жатыр, ондайға еш қатысым жоқ. Заң алдында ешқандай мәселе болмаған, сотталмағанмын. Әрине, інісі сотталған деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын.

Адвокат жалдадым, жалған ақпарат таратқан тұлғалардың бәрін заң бойынша жауап беруін сұраймын. Мен туралы айтылып жатқан ақпарат көп, заң бойынша арыздарын жазсын. Қылмыскерлер ұсталып, заң бойынша жазаларын алады деп ойлаймын”, – деді Хасан Қасымбаев өз үндеуінде. 

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев өзінің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында марқұм баланың әкесіне және тағы басқа тұлғаларға қарсы арыз дайындап, Талғар аудандық сотына тапсырғанын хабарлаған едік.

Хасанның айтуынша, оның атына тағылған айыптар мен қоғамдағы әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол қарапайым тұрмыстық төбелесті ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыс ретінде көрсетуге тырысып жатыр деген пікірде.

Касымбаевтың пікірінше, оны атышулы қылмыстық топпен байланыстыру негізсіз. Әлгі арызда ол ешқашан кісі өлтіруге қатысты жастарды көрмегенін, білмегенін және олардың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар