Алматы облысы Талғар ауданындағы ауылдардың бірінде 24 жастағы жігіт қаза тапты. Ол түнде інісімен бірге әкесінің қабіріне барып, Құран оқуға шыққан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға туралы мәліметтерге сүйенсек, жолда олардың көлігінің алдын ішінде үш жігіт отырған автокөлік бөгеген. Марқұм мен оның інісі жолды босатуды сұрағанымен, қарсы тарап оларға көлікті айналып өтуді ұсынған.
Көп ұзамай екі жақ арасында жанжал туындаған. 24 жастағы жігіт көліктен шыққан сәтте, куәгерлердің айтуынша, қарсы жақтағы ер адамдардың бірі қолына пышақ ұстап, оған шабуыл жасаған.
Ауыр жараланған жігіт шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Полиция оқиғадан кейін күдіктілердің үшеуі де жедел ұсталғанын хабарлады. Олардың барлығы марқұм тұрған Нұра ауылының тұрғындары болып шыққан.
Қазір аталған факті бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.