Алматы гарнизонының әскери соты Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаздың қаза болуына қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, 2025 жылғы 23 қыркүйекте әскери қызметшілер қаруға техникалық қызмет көрсету кезінде пулеметтен абайсызда оқ атылып кеткен. Соның салдарынан оқ жарақатын алған қатардағы жауынгер Сейітқали Ә. көз жұмған.
Прокуратура өкілдері тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және дәлелдемелерді жинауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер толық жүргізілгенін мәлімдеді.
Тергеу кезінде батальон командирінің орынбасары қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені анықталған. Сондай-ақ ол алдыңғы күні өткен атыс жаттығуларынан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмаған.
Соның салдарынан пулемет ұңғысында қалып қойған оқ кейін сарбаздың өліміне әкелген.
«Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігімен (қызметке салғырт қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан) кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады Бас әскери прокуратура.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.