Талдықорған жастары 8 наурыз қарсаңында өз қолымен сыйлық жасауды үйретуде

Жарбол Кентұлы 05 нау. 2024 18:35 2289

Талдықорған жастары болашақта өз ісін ашқысы келетін қатарластарына арнап түрлі кәсіптерге үйрететін шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алған. Мәселен, ертең «Jetisu jastary» КММ мен жергілікті жас кәсіпкер бірлесіп шоколадтақа салынған құлпынай әзірлеудің қыр-сырысын үйрететін шеберлік сағатын ұйымдастырғалы отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш мекеме мұндай әлеуметтік жобаларды кәсіпкерлермен бірге өткен жылдан бастап өткізіп келеді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың уақытын тиімді өткізуіне ықпал ету, оларды жаңа машықтарға бейімдеу, соның ішінде өз бизнесін бастауына серпін беру.

«Jetisu jastary» КММ директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатовтың айтуынша, өткен жылдан бері осындай 10-нан астам шеберлік сағаты өткізілген.

– Бүгінгі жастардың арасында шеберлік сағаттарының танымалдығы артып келеді. Мұндай шараларды былтырдан бастап өткізе бастадық. Бұл жастардың шығармашылыққа, белгілі бір кәсіпке деген құлшынысын арттырады. Біз кәсіпкерлерге тегін шеберлік сағаттарын өткізу туралы ұсыныстарымызды айтамыз.

Бұл шараға әсіресе «Zhas Project», «Тәуелсіздік жастары» жобаларымен мемлекеттік қолдауға ие болған жастарды тартуға тырысамыз. Жыл басынан бері осындай 10-ға жуық шеберлік сағатын ұйымдастырып, оған 18 бен 35 жас аралығындағы 500-дей адам қатысты. Соның ішінде қыш құмыра жасау, тоқыма, бұйымдар жасау, бет әрлеу, тағам даярлау қамтылды.

Осы жолы біздің ұсынысымызға талдықорғандық кәсіпкер Шырайлым Сахариянова келісімін берді. Ол жеке ісін өз күшімен бастаған. Әзірге шеберлік сағатына 20 адам жазылды. Олардың дені студенттер, бала күтіміне байланысты үйде отырған келіншектер. Кәсіпкер сабақ барысында мереке қарсаңында өз қолымен қалай тәтті сыйлық даярлауға болатынын көрсетеді. Бұл шара жастардың пайдалы іспен шұғылдануына жол көрсете алса, біздің мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Е. Ақболатов.

Шеберлік сағатын өткізгелі отырған 29 жастағы кәсіпкер Шырайлым Сахариянованың іскерлік әлеміне келгеніне бір жылдың шамасы болған. Негізгі мамандығы – информатика пәнінің мұғалімі, өзі үш баланың анасы. Бала күтіміне байланысты демалыста отырғанда шоколадтқа салынған құлпынай дайындаумен айналыса бастаған.

– Басында түрлі бағыттарда өзімді сынап көрдім. Соңында осы шоколадқа салынған құлпынай дайындауға тоқталдым. Қазір бұл іске әбден машықтанып алдым. Оған қажетті бельгиялық сапалы ақ шоколадты Алматыдан алғызамын, қораптарын да Алматыдан сатып аламын. Ертеңгі шеберлік сағатында білгеніммен бөлісіп, қатарластарымды пайдалы іске үйретсем деймін. Оны бірден үйреніп кету қиын, дегенмен бар зейінін салып, кіріссе оның қыр-сырын ұғып алуға болады.

Ең бастысы – шоколадты дұрыс еріте білу. Оны ертеңгі сабақ барысында үйретемін. Құлпынай мен шоколадтың сапалысын таңдау да маңызды. Ал құлпынайлы тәттіні әрлеуге аздаған шығармашылық қабілет керек, – деді Ш. Сахариянова.

Кәсіпкердің айтуынша, оның қолынан дайындалған өніміне деген сұраныс мереке күндері арта түседі екен. Әсіресе, ер адамдар көп таспырыс береді дейді ол. Шырайлым өз тәттілерін Инстаграмдағы @chokoberry.tdk парақшасы арқылы тұтынушыларға таныстырып келеді.

Еске салсақ, аталған шеберлік сағаты ертең Талдықорғандағы «Жетісу жастары» орталығының ғимаратында өтеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар