Ресейдің "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы 2036 жылға дейін Ай бетінде атом электр станциясын (АЭС) салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресей президентінің ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың 2036 жылға дейінгі және одан кейінгі кезеңге арналған жобасында айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айдағы инфрақұрылымға энергия береді
Құжатқа сәйкес, атом электр станциясы Ресейдің Ай бағдарламасы мен халықаралық ынтымақтастық жобалары аясында Айдағы инфрақұрылымды энергиямен қамтамасыз ету үшін салынады. Сонымен қатар, "Роскосмос" 2036 жылдан кейін ядролық энергетикалық қондырғылармен жұмыс істейтін ғарыштық көлік құралдарын жасап, оларды орбитаға шығаруды жоспарлап отыр.
Ай топырағын Жерге жеткізу көзделген
Жобаға сәйкес, 2036 жылға дейінгі негізгі басымдықтардың бірі – Айды автоматтандырылған ғарыш аппараттарының көмегімен зерттеу және оның топырақ үлгілерін Жерге жеткізу. Сондай-ақ осы кезеңде Халықаралық ғарыш станциясының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп, оның миссиясын аяқтау және Ресейдің жаңа орбиталық станциясын орналастыру жұмыстары жүргізіледі.
Жерді бақылайтын спутниктер көбейеді
"Роскосмос" алдағы жылдары Жерді қашықтан зондтайтын спутниктер санын бірнеше есе арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, төмен орбитада кең жолақты байланыс қызметін көрсететін көпсерікті спутниктік топтама құру жоспары да қарастырылған.
Ай мен астероидтардың ресурстары игеріледі
Құжатта 2036 жылдан кейін Ай мен астероидтардың табиғи ресурстарын іздеу және игеру басталатыны жазылған. Сондай-ақ Ресейдің орбиталық станциясын ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуге пайдалану жоспарланған. Бұдан бөлек, Ресей Халықаралық ғылыми Ай станциясын құру жобасына қатысып, Ресей мен Қытайдың Ай мен алыс ғарышты зерттеуге арналған бірлескен деректер орталығының ресейлік сегментін дамытуды көздейді.
Сонымен қатар "Роскосмос" астрофизикалық нысандар мен ғарыштық сәулелерді зерттеуді жалғастырып, пилоттық ғарыш бағдарламаларының қолданбалы мүмкіндіктерін кеңейтуді және Жердің төменгі орбитасындағы ғылыми жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.