Freedom Inside '26

Жамбыл облысында миллиард теңгеге салынған нысан опырылып түсті

Жамбыл облысында миллиард теңгеге салынған нысан опырылып түсті
Фото: видеодан скрин

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында тұрғындардың бірі әлеуметтік желіде видео жариялап, былтыр шамамен 1 миллиард теңгеге салынған гидротехникалық нысанның бір бөлігі опырылып түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Видео авторының айтуынша, бетон қабырға толықтай ішке қарай құлап, құрылымның өзге бөліктерінде де жарықтар пайда болған.

“Қабырға түгел құлап қалды. Ішке қарай қисайып құлаған. Қалған бөлігі де жарылып тұр, кез келген сәтте опырылып кетуі мүмкін. Шлюзді ашудың өзі қиындап кетті. Ауылға су осы жер арқылы жіберіледі”, – дейді тұрғын.

Оның сөзінше, құрылысқа жауапты адамдар нысан жобаға сәйкес салынғанын айтқан. Алайда тұрғын жобада төрт арматура қарастырылғанымен, іс жүзінде екеуі ғана пайдаланылғанын алға тартады. Оның пікірінше, қабырғаның құлауына осы себеп болуы мүмкін.

Аталған ақпаратқа қатысты әзірге жергілікті әкімдік пен жауапты мемлекеттік органдар ресми түсініктеме берген жоқ.

Тұрғындар құзырлы органдардан аталған нысанның құрылысына тексеру жүргізіп, оның опырылу себептерін анықтауды сұрап отыр.