Таиландта жоғалған ресейлік ағайындылар өлі табылды

Таиландта жоғалған ресейлік ағайындылар өлі табылды
ашық дереккөз

Таиланд полициясы 22 жастағы ресейлік Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Романның жоғалуына байланысты тағы екі күдіктіні қолға түсірді. Олар тергеу барысында қылмысты жасағандарын мойындаған. Бұл туралы Khaosod порталы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, ұсталғандар – 43 жастағы Тхан мен 39 жастағы Тхонгтчай. Олардың айтуынша, бастапқыда жастардың мотоциклін ұрлауды жоспарлаған. Алайда Диана мен Роман қарсылық көрсеткен соң, күдіктілер алдымен жасөспірім Романды атып өлтіріп, кейін оның әпкесін соққыға жығып өлтірген.

Жауап алу кезінде күдіктілердің бірі қызға зорлық-зомбылық жасамағанын мәлімдеген.

Мотоцикл бөлшектеліп, зират маңына көмілген

Диана Назимова мен Роман 26 шілде күні таңертең із-түзсіз жоғалған. Кейін олардың Honda ADV 150 маркалы мотоциклі Таиландтың Чонбури провинциясындағы ескі зират маңынан бөлшектелген күйде жерге көмілгені анықталды. 28 шілде күні кешке сол маңдағы ауыл тұрғыны орман ішінде құрал-сайман ұстаған төрт күдікті ер адамды байқап қалған. Полиция келгенше олар оқиға орнынан қашып үлгерген.

Құқық қорғау органдары орманнан жуырда ғана қайта көмілген шұңқырды тауып, оның ішінен жоғалған ресейліктердің бөлшектелген мотоциклін алып шыққан.

Бұған дейін тағы екі адам ұсталған

Бұған дейін полиция Хой мен Пханг есімді екі азаматты ұстаған болатын. Тергеу олардың қылмысқа қатысы бар адамдардың құқық қорғау органдары қоршауға алған аумақтан қашып кетуіне көмектесуі мүмкін деген күдікке байланысты жүргізілген. Алайда негізгі кісі өлтіру қылмысын енді ұсталған Тхан мен Тхонгтчай мойындап отыр.