Қазақстандағы саяси кеңістікте кезекті ірі сенсацияның құлағы көрінуі мүмкін. "ӘDILET пен AMANAT-тың саяси некесінен кейін, енді тағы екі партия бір-бірімен қосылу мүмкіндігін жабық форматта талқылап көрді", - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Әзірге ресми шешім жоқ. Бірақ дереккөздің айтуынша, партия өкілдері арасында “бірігу ме, әлде сайлау алдындағы блоктық үйлесім бе?” деген мәселе бойынша алдын ала пікір алмасу өткен. Бұл жай ғана техникалық әңгімеге ұқсамайды. Себебі алдағы парламенттік науқан алдында саяси алаң қатты тарылып барады. Әр партия енді жеке бренд ретінде ғана емес, жаңа саяси архитектурадағы өз орнын сақтап қалу құралы ретінде қаралып отыр. Бұрын партиялар идеология үшін таласқандай көрінетін. Қазір негізгі күрес тізімдегі орын, аймақтық квота, медиа-салмақ және болашақ мандат үшін жүріп жатыр.
"Бұл екі партияның электоралды базасы бір-біріне идеологиялық жағынан қарсы емес. Керісінше, екеуінің де аудиториясы жүйе ішіндегі баламалы дауыс ретінде қабылданады. Бірінің басшылығында жақында ауыс-түйістер өтіп, токсикалық элементтен тазаланды. Сондықтан олардың бірігуі билік үшін де, партиялардың өздері үшін де ыңғайлы сценарий болуы мүмкін", - дейді, дереккөз.
Бір жағынан, бұл саяси алаңды ықшамдайды. Екінші жағынан, парламентке өтетін партиялар санын азайтпай, керісінше жаңарған, күшейген, біріктірілген саяси субъектілер образын қалыптастырып береді. Бірақ уақыт цейтноты ұзақ ойлануға мүмкіндік бермей отыр. Егер нақты шешімдер қабылданып жатса, тараптар оны келесі аптадан кешіктірмей мәлімдеуі қажет. Себебі, барлық электоралды позициялар қазіргі Парламент тарамай тұрып ашық жариялануы тиіс деген жазылмаған ереже бар.