Симоньян Қазақстанға қатысты тағы не деген?

Көркем Алдабергенова 26 жел. 2024 15:46 531

Ресейлік пропагандист Маргарита Симоньян «Эхо» радиосына Қазақстанға әскер жіберіп, «қандай да бір бармалеялармен» айналысуды қалар едім деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Мен Украинада да, Сирияда да, егер тағы бір рет шақырса, Қазақстанда да қандай да бір бармалеялармен айналысуға мүмкіндік аламыз деп қуанар едім», - деді Симоньян.

KazTAG редакциясы Симоньянға «Россия сегодня» агенттігінің кері байланыс формасы арқылы сұрау жолдап, «бармалеялар» деп кімді меңзегенін және 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғаларға жалпы көзқарасын нақтылауды сұраған.

Айта кетейік, Симоньянның Қазақстанға қатысты бұған дейін де даулы пікірлер айтқан болатын. Мәселен, 2022 жылдың ақпанында Қазақстанның сепаратистік құрылымдар – Украина аумағындағы «ДХР» мен «ЛХР»-дың тәуелсіздігін мойындамайтыны туралы мәлімдемесін ол «жақсылықты бағаламау» деп атаған.

«Біз оларды не үшін құтқардық, сонда?» - деп мәлімдеді ол, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ контингентінің енгізілгенін еске сала отырып.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым оның мәлімдемесіне пікір білдіріп, Симоньнянның шешім қабылдайтын адамдар қатарына жатпайтынын еске салды.

«Құдайға шүкір, Маргарита Симоньян – сыртқы істер министрі, Мемлекеттік Дума спикері, президент немесе премьер-министр емес», - деді сол кезде Сарым KazTAG редакциясына.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар