Таразда автосалонда сату бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген 25 жастағы ер адам ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, ол клиентке құны 90 млн теңге болатын көлігін жаңасына ауыстырып беруге уәде еткен. Алайда көлікті сатып жіберіп, түскен қаржыны жеке қажетіне жұмсаған. Бұдан кейін басшылықтан жасырын түрде автосалонға тиесілі құны 83 млн теңге болатын жаңа көлікті клиентке табыстаған.
Сонымен қатар, күдікті автосалондағы тағы екі көлікті - 68 млн және 34 млн теңге тұратын көліктерді сатып, ақшасын иемденген. Бұдан бөлек, құны 59 млн теңге тұратын Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағамен сатқаны анықталған.
Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық және бөтен мүлікті иемдену бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырған.
Алайда прокурордың өтінішінен кейін кассациялық сот үкімді қайта қарап, келтірілген шығын өтелмегенін ескеріп, жаза мерзімін 8 жылға дейін ұлғайтты.