Сүйінші! Мұғалімдерді аттестаттау тәртібі өзгермек

Cағыныш Сардарова 30 жел. 2025 15:44

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарап, министрлікте бұған дейін бекіген бұйрықтарды қайта зерделемек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін министрлікке түскен ұсыныстардың дені аттестаттаудан өту кезінде педагогтерден авторлық бағдарламаларды әзірлеу туралы талапты алып тастау болатын.

Бүгінде "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі - республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Сараптама кеңесі мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы педагогтердің авторлық бағдарламаларына республикалық деңгейде сараптама жүргізеді.

2025 жылы республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған. Оның ішінде 303 авторлық бағдарлама мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілген.

Министр Жұлдыз Сүлейменова авторлық бағдарламалардың көбі мазмұндық, техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін, мұндай құжаттың талап етілуі педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға және формализм күшеюіне алып келгенін алға тартты. Мақұлданған авторлық бағдарламалардың тізімі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланғанымен, бағдарламалар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайды.

"Аттестация кезінде педагогтерге қойылатын талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуы керек, педагогтердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға және кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беруге тиіс", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Алдағы уақытта "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеуді алып тастап, оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін нақты әрі әділ бағалауға мүмкіндік беретін, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға ықпал ететін баламалы құралдар енгізілмек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар