"Сүйінші!": "100 жылқы ұрлады" деген айыппен сотталып кете жаздаған қария баспаналы болды

"Сүйінші!": "100 жылқы ұрлады" деген айыппен сотталып кете жаздаған қария баспаналы болды
видео кадры/Руслан Өтепбайдың парақшасынан

Ақтөбе облысында "100 бас жылқы ұрлады" деген айыппен 7 жылға сотталған 60 жастағы Рахат Сәрсенов апелляциялық сот шешімімен бостандыққа шықты. Бұл іс қоғам назарын аудартып, желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кейінірек журналист Руслан Өтепбай Рахат Сәрсеновті 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қойғызғанын, енді олар далада қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Осы жаңалықтан кейін жергілікті кәсіпкер оларға баспана сыйлаған.

"Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады. "Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім" деп, Рахат ата көз жасына ерік берді. Қиын сәтте қолдау көрсеткен кәсіпкерге және барша қазақ еліне Алла разы болсын! Ал іске келер болсақ, заңгерлік жұмыстар басталып кетті. Қажет арыздар дайындалып, құқықтық тұрғыда күрес жалғасып жатыр", - деп жазды Руслан Өтепбай желідегі парақшасында.