Петропавлдағы «Береке» шағын ауданы заманауи әлеуметтік инфрақұрылымның орталығына айналып келеді. Мұнда жаңа арнайы мектеп, балабақша және спорт кешені ашылды. Енді бұл нысандардың қатарына 600 орындық жайлы мектеп қосылады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Берекедегі» жайлы мектептің құрылыс алаңында болып, жұмыстардың сапасын тексерді. Қазір қасбетті қаптау, ішкі инженерлік желілерді монтаждау және едендерді құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сыртқы инженерлік желілер тартылған, ал нысанның өзі осы жазда пайдалануға беріледі.
"Жаңа оқу жылында аудан оқушылары кең, заманауи және ыңғайлы білім ордасының есігін ашады. Мұнда физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша жаңа үлгідегі оқу кабинеттері, сондай-ақ STEM-зертхана, робототехника, интерактивті тақталар, шеберханалар және кең спорт залдары болады", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Осындай заманауи білім беру ортасы былтыр «Орман» шағын ауданында ашылған жайлы мектепте де сәтті іске асты.