Спортшыларға бағалы сыйлықтар табыстау орынды ма? — Мырзабосынов жауап берді

Қаракөз Амантай 13 қар. 2024 17:33 1594

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшыларға бағалы сыйлықтар табыстаудың орынды екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, чемпиондар мен  жүлдегерлерге пәтер “Дене шынықтыру және спорт туралы” заңға сәйкес табысталады. Ал басқа бағалы сыйлықтарға қатысты әкімдіктермен спортшыларды қолдауға қатысты келіссөздер жүргізілетінін жеткізді.

“Халық әрбір спортшы жарысқа түскенде тақымын қысып отырады. Бұл Олимпиада мен Азия ойындарында анық байқалды. Жеңіспен оралған спортшыларды азаматтарымыз сый-құрметпен қарсы алып, сыйақысыз қалдырмады. Тіпті, кейбір спортшылар медаль алмаса да, оларға көлік сыйлап, жігерін жаныған кездер болды”, – деді Мырзабосынов.

БАҚ өкілдері Олимпиадаға жолдама алған спортшыларға бағалы сыйлықтар беру дәстүрге айналғанын атап өтіп, министрдің бұл мәселеге көзқарасын сұрады.

“Жоғары спорттық деңгейге жету – бала кезден қажырлы еңбек пен шыдамдылықтың нәтижесі. Спортшылар кішкентайынан үлкен жетістіктерге ұмтылып, спорт пен білімді қатар алып жүреді. Олар халықаралық жарыстарда еліміздің туын биікте көтереді.

Сондықтан менің ойымша, спортшыларды қолдау – дұрыс қадам. Лицензия алғанға дейін әлем және Азия чемпионаттарында немесе Қазақстан біріншілігінде жеңіске жету – үлкен жетістік. Сол себепті спортшыларды ынталандыру орынды деп есептеймін”, – деді министр Мәжіліс кулуарында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар