Маңғыстау облысындағы "Долинное" кен орнында тазартылмаған ағын суды жерге төккен "Емір Ойл" ЖШС-не 5,2 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы эколог әрі қоғам белсендісі Абзал Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, кен орнында сұйық қалдықтарды жинайтын арнайы резервуар болмаған. Соның салдарынан ластанған су топыраққа сіңіп кеткен.
""Емір Ойл" ЖШС "Долинное" кен орнында тазартылмаған ағын суды жерге төккен. Сұйықтықты жинауға арналған арнайы ыдыс болмағандықтан, су топыраққа сіңіп кеткен", – деп жазды Абзал Оспанов.
Компанияға экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 5,2 млн теңге айыппұл салынған. Алайда кәсіпорын оны жеті күн ішінде төлеп, заңда қарастырылған 50 пайыздық жеңілдікті пайдаланған. Нәтижесінде компания бюджетке 2 млн 595 мың теңге аударған.
"Жерді ластаудың құны – 2 млн 595 мың теңге. Ал енді бүлінген топырақты кім және қалай қалпына келтіреді?" – деді қоғам белсендісі.
Әзірге компанияның ластанған аумақты тазарту және қоршаған ортаға келтірілген залалды жою бағытында қандай шара қабылдайтыны белгісіз.