Қызыл мия үшін жайылым жыртылған: Аралтөбе халқы облыс әкіміне жанайқайын жеткізді

Қызыл мия үшін жайылым жыртылған: Аралтөбе халқы облыс әкіміне жанайқайын жеткізді

Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты Аралтөбе ауылының тұрғындары елді мекен маңындағы жайылымдық және шабындық жердің жыртылып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Олар облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлына үндеу жасап, мәселені бақылауға алуды сұрады, деп  хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода ауыл тұрғыны жердің қызыл мия тамырын алу үшін қазылып жатқанын айтады. Оның сөзінше, жұмыс Іле мен Топар өзендерінің аралығында, су арналарына жақын аумақта жүргізіліп жатыр.

«Өзіңіз көріп тұрғандай, бұл – ауылдан шамамен екі шақырым жердегі жайылымымыз. Қызыл мияның тамырын алу үшін жердің бәрін түгел жыртып жатыр. Бір жағында Іле өзені, екінші жағында Топар өзені орналасқан. Өзенге дейінгі аралық шамамен он метр ғана», – дейді тұрғын.

Ауыл халқы аталған аумақты бұған дейін мал жаюға және шөп шабуға пайдаланғанын жеткізді. Олардың айтуынша, жердің үстіңгі қабаты терең қазылғандықтан, кейін бұл аумақта өсімдік шықпай қалуы мүмкін.

«Біздің жанайқайымыз – мал бағатын жеріміз қалмай барады. Осы жерден шөп шауып жүрген едік, енді одан да айырылдық. Жердің бір метрге жуық қабатын қазып жатыр. Бұдан кейін мұнда шөп шықпайды», – деді үндеу авторы.

Тұрғындар екі жыл бұрын да өзеннің арғы бетіндегі аумақтың жыртылғанын мәлімдеді. Ол кезде жерге жоңышқа немесе басқа дақыл егілетіні айтылғанымен, кейін ештеңе егілмеген. Соның салдарынан аумақ қазір шаң басқан бос жерге айналғанын айтады.

Үндеу авторының сөзінше, ауыл іргесіндегі 180 гектар жер кезінде жалға беріліп, кейін жеке меншікке өтіп кеткен. Бұл жағдайдан аудан және ауыл әкімдіктері хабардар.

«Аудан әкімінің айтуынша, жердің құжаттары дұрыс, ол қызметке келгенге дейін сатылып кеткен. Бірақ біз енді малымызды қайда бағамыз? Ауыл осы жерден небәрі 2 шақырым 200 метр қашықтықта орналасқан. Бүкіл Аралтөбе ауылы тұрғындарының атынан осы мәселеге шара қолданып, көмектесулеріңізді сұраймыз», – деді ол.

Әзірге Балқаш ауданының әкімдігі мен жерге иелік ететін тарап тұрғындардың шағымына ресми түсініктеме берген жоқ. Сондай-ақ аумақтағы жұмыстың заңдылығы мен оның су қорғау аймағына қатысы жөнінде құзырлы органдардың қорытындысы жарияланбаған.