Балық аулауға шығып, оралмаған: Зайсан көлінен екі адамның денесі табылды

Балық аулауға шығып, оралмаған: Зайсан көлінен екі адамның денесі табылды
Видеодан кадр: ТЖМ баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан көліне балық аулауға шығып, із-түзсіз жоғалған екі ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

ТЖМ мәліметінше, 22 қыркүйекте Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінің аумағында 1979 және 2001 жылы туған екі азамат көлге балық аулауға шығып, қайта оралмаған.

Осыдан кейін құтқарушылар іздестіру жұмыстарын бастаған. Оған жергілікті тұрғындар да өз қайықтарымен қатысқан.

Іздеудің алғашқы күні жағалаудан 3–4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық табылған. Ал 29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін анықтады.

30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған екінші ер адамның денесін судан алып шықты.

Іздестіру барысында ТЖМ қызметкерлері 63 рет сүңгу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар жағалау мен көл акваториясы тексеріліп, ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылған.

Құтқарушылардың жұмысына қолайсыз ауа райы, қатты жел, көлдегі толқын және іздеу аумағының үлкен болуы кедергі келтірген.