Спорт журналисі Головкин туралы жағымсыз жазба жариялады

Спорт журналисі Головкин туралы жағымсыз жазба жариялады
Сурет: ҰОК, ашық дереккөз. Dalanews.kz коллажы

Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинге қатысты сыни жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аслан Қаженов бұған дейін Геннадий Головкин туралы жағымсыз пікір білдірмегенін, керісінше оны ерекше құрметтегенін жазған. Алайда, журналистің айтуынша, бокс сессиясынан кейінгі кездесуден соң оның Головкинге деген көзқарасы өзгерген.

"Бокс сессиясынан кейін амандасып жатсам, "бесстыйжый" дейді. Даңқты чемпион шығарсың. Бірақ адам болып қалу керек. Бір елдің атынан келген соң, сол елдің мүддесі үшін күйіп-пісіп, сол елдің спортшылармен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген бір қазақтың баласымын. Бізде де намыс бар. Бізде де арын бар. Шындықты айттым. Шындықты айтамын. Саған мен туралы кім не дегенін білмеймін. Өсек-аяңға ере бермей, нақты жұмыспен айналыс! Викторияның жеңісін қайтар! Ясминаның алтынын қайтар!" - деп ашынды ол.

Аслан Қаженов өз жазбасында Головкин отандастарына сөзбен қысым көрсетпеуі керегін айтып, оны спорттағы нақты мәселелермен айналысуға шақырды.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 2024 жылы ақпанда Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланған еді. 

Еске салайық, қазір Аичи-Нагояда (Жапония) Азия ойындары өтіп жатыр. Азиадада қазақстандық спортшыларға қатысты бірнеше даулы жағдай тіркелді:

  • XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен 42,195 шақырымды (уақыты - 3:22:20) бірінші бағындырды. Нәтижесінде Азия ойындарында Қазақстан қоржынына алтын жүлде әкелді. Алайда Ясмина жарыста киген аяқ киім моделі World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде болмаған. Осылайша, қазақстандық спортшы Азиадада кроссовканың кесірінен алтыннан айырылды.
  • Ал боксшы Виктория Графеева Азия ойындарында 1/8 финалда Тайбэй өкілі Линь Юйтинмен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіс Виктория Графееваның қарсыласына берілді.