Солтүстік Қазақстан облысында жүзу жаттықтырушысы күшті әсер ететін дәрілерді заңсыз сақтады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, арнайы іс-шара барысында еліміз бойынша 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 өнеркәсіп кәсіпорны тексерілген. Нәтижесінде 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар құрамында есірткі заты бар 28 мың дәрілік препараттың айналымы шектелген. Заңды айналымдағы химиялық заттар мен прекурсорлардың заңсыз нарыққа түсуіне жол бермеу шаралары да қолға алынған.
ІІМ дерегіне сәйкес, жалпы көлемі 675 тонна түрлі прекурсордың айналымына шектеу қойылып, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, Петропавл қаласында жүзу жаттықтырушысы ұсталып, одан күшті әсер ететін 56 таблетка тәркіленген.
Сондай-ақ Түркістандағы дәріханалардың бірінде лицензиясыз күшті әсер ететін дәрілерді сату фактісі анықталған. Нәтижесінде 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді. Ал Орал қаласында лицензия талаптарын бұзғаны үшін 500 тонна тұз қышқылының айналымына шектеу қойылған.