"Цой, Сүлейменов, Смайылов...". Сарапшы Омаровтың соңынан кетуге тиіс басшылардың атын айтты

Dalanews 14 шіл. 2021 09:24 784

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде президент Тоқаев Мәмин бастаған министрлерді қағып-сілкіп алды

Dalanews.kz осыған орай пікір білдірген сарапшылардың сөзін оқырман назарына ұсынады. 

Саясаттанушы Дания Әшімбаевтің пікірінше президент Ауылмин басшысы Сапархан Омаровты “ашу үстінде” орнынан алған. 

Шаруалардың мұңына құлақ аспай, қуаңшылық етек алған шақта қол қусырып отырған министрдің отставкасы орынды, алайда Мәмин үкіметінің сапында “құйрықтан тебуге” сұранып тұрған Омаровтан өзге де үміткерлер бар.  

“Соның бірі - Цой. Ол келгелі денсаулық сақтау саласындағы сорақылықтар көбеймесе, азаймай тұр. Ана мен бала өлімі күрт өсіп кетті.

Вакцинаға қатысты толыққанды мағлұмат берудің орнына “Спутниктің” сапасына күдікпен қарайтын жұртқа инесін ала жүгірді. Егу науқанын бықсытып жіберді, қожыратып алды. 


Цойдың үстінен қарайтын вице-премьер Ералы Тоғжанов та сөзге келгенде жүйрік, іске келгенде шорқақтығын көрсетті.

Әрбірден соң Қазақстандағы қуаңшылыққа жалғыз Омаров айыпты емес.

  • Әкімдер ай қарады ма?

  • Экология министрлігіне қарасты Қазгидромет апат боларын күні бұрын неге ескертпеді?

  • Осы салаға кураторлық ететін вице-премьер Әлихан Смайылов пен Роман Скляр “биыл қуаңшылық болатын сыңайлы, қазірден қамданайық” деп неге шу көтермеді?

  • Президент әкімшілігінде әлеумет, экономика саласына жауап беретін Тимур Сүлейменов “тірі” ме өзі?


Ашығын айтқанда Тоқаев ешкімді алалағысы келмейтін сынды, ашуға мініп біреу-міреудің көңіліне тиіп кеткенді қаламайтындай көрінеді не болмаса тізгінді босатып алды, мемаппарат Тоқаевтың бақылауынан толықтай шығып кетті”, – дейді Әшімбаев. 

Оның пікірінше, жоғары жақты жаппай жауапкерсіздік жайлап барады. Ешкім, ештеңені мойнына алғысы келмейді. Кез-келген шенеуніктен сұрасаңыз: “менің бұл салаға қатысым жоқ. Басқа ведомство айналысады” деген жауап аласыз. Кімнің не бітіріп, немен айналысып жүргенін өздері де білмейді. Сөйтіп жүргенде жұрт көзіне жиі шалынған Сапархан Омаров қосақ арасында кете барған.

“Тоқаев осы күнге дейін бірталай шендіге сөгіс жариялады. Содан не түзелді, не өзгерді? Мемаппаратағылар Тоқаевтың ескертуі тұрмақ, саусағының ұшын қозғалтуға ерінеді. Билік елдегі жағдайды бақылаудан шығарып алды. Жоғары жақты паника жайлаған сынды. Әлеуметтік-экономикалық саладағы қаны сорғалаған мәселерді қалай шешерін білмей сенделіп жүр…”, – дейді Әшімбаев. 

….

Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше Тоқаев билігін дәл қазір пандемия мен қуаңшылық қыспаққа алып отыр.

“Ертең тағы бір проблема пайда болар, солардың соңында далақтап, халықтың ақшасын судай шашып, жүгіре береді!

Пандемияны білмеймін, бірақ жұртты жалмап бара жатқан сұмдық қымбатшылықты, еліміздің түкпір-түкпірінде боп жатқан құрғақшылық пен мал азығының азаю мүмкіндігін алдын-ала болжауға болатын еді ғой? Әлде біздің министрлер мониторинг пен болжау дегенді білмей ме? Биліктің стратегиялық зерттеу, болжау, күні бұрын қамдану институттары қайда?”, – деген сауал қояды саясаткер. 

Қосановтың айтуынша жыл өткен сайын Тоқаевтың сөзі мен ісі алшақтап барады.


“Яғни, қордаланған мәселелерді атайды, бірақ оның бәрін шешуді жағдайды осындай масқараға жеткізген сол үкіметтен қайтадан талап етеді. Нонсенс!

Бар кінәні бір министрге артты да, оны жұмыстан шығарып жіберді. Енді ол министр кеткен соң су қайтып келе ме? Дәрия тола ма? Малдың жемі көбейе ме? Азық-түлік бағасы арзандай ма? Қайдам...

Саясаттануда «қоғам температурасы» деген ұғым бар. Өзінің болашағын ойлайтын кез келген билік сонымен санасып, ол температураны сезетінін аракідік білдіріп тұруы тиіс. Әйтпесе, саяси банкрот болады”, – дейді ол.

Саясаткер түнеукүнгі үкімет отырысында халықтан алшақтап кеткен, қоғам температурасын тап баса алмайтын қауқарсыз билікке куә болған. 

“Өзі көңілі толмайтын министрлерді отставкаға жібергісі келсе де, жібере алмайтын, шарасыз президентті көрдім…”, – дейді Қосанов. 



Саясаттанушы Артұр Нығметов те осы ойда. Омаровтың отставкасы құрдымға кеткен Үкіметті құтқара алмайды деп пайымдайды. Үкіметтің қателіктері мен кемшіліктерін экс-министрдің мойнынан іле салған. 

“Ауыл шаруашылығының мәселесі тереңде жатыр. Тұтас жүйеде жылдар бойы қордаланған проблемалар қалыптасқан. 

Омаров кеткеннен кейін ауылдағы өмір өзгеріп кетпейді. Оның орнына келген кадр ауылшаруашылығын әп-сәтте құлпырта алмайды. Ауыл шаруашылығы, басқа да салаларды кейін тартып отырған ең үлкен кесір - коррупция. 

Коррупция қазіргі жүйенің өн-бойына тарап кеткен. Ауылдағы ағайын мемлекет көмегіне қол жеткізе алмай зар илеп жүр, коррупция мен бюрократия бірлескен жерде жаппай деградация басталады”, – дейді ол. 

Айтуынша, биылғы қуаңшылықтың соңы бұрын-соңды болмаған қымбатшылыққа ұласады. Ет, сүт өнімдері дефицитке айналады, олардың бағасы шарықтап шыға келеді.


Сарапшы мұндай сценарийдің алдын-алудың амалын ұсыныпты. 

“Ол үшін фермерлік шаруашылықтарды тікелей қолдаудың тетігін қалыптастыру қажет. Арадағы делдалдардың жолын кесу керек. Бірақ, бұл бюджетке салмақ. Үкімет айналып келіп Ұлттық қорға ауыз салады. 

Осының бәріне кім кінәлі? Саладағы біліксіз, сауатсыз менеджменттің кесірінен осындай күйге түстік, әйтпесе әлдеқашан аграрлық державаға айналар едік. Өкінішті-ақ…”, – дейді Нығметов. 



Саясаткер Мұхтар Тайжан Мәмин бастаған министрлер ел мүддесін бірінші кезекке қоюы тиіс деп есептейді. 

“Олигархтардың, латифундистердің сөзін сөйлеуді доғарыңыздар! Қызметке қалай келгендерің қызық емес, өздеріңізге жүктелген жұмысты қаншалықты адал, әділ атқаратындарыңыз маңызды.

Омаровтың орнына келген министр ауылдағы ағайынның сөзіне құлақ асуы қажет. Әзірден бастап елге есеп беріп үйреніңіз. Лоббистердің мүддесін, халық мүддесінен жоғары қойсаңыз, жұрт мұны кешірмейді”, – деген Тайжан қызметіне кеше ғана келген Қарашөкеевті ауыр жұмыс күтіп тұрғанын ескертіпті. 

Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар