2025 жылдың 19 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті болғанына 6 жыл толады. Осы кезеңде елде саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер орын алды. Мемлекет басшысының бастамалары мен реформалары қаншалықты тиімді болды? Қандай жетістіктер мен сын-қатерлер бар? Журналист, редактор әрі жазушы Мадия Төребаева осы тақырып төңірегінде ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мадия Төребаеваның сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев алты жыл бұрын ел басшылығына келіп, Қазақстан тарихының жаңа парағын ашты.
"Осы уақыт аралығында пандемия, геосаяси шиеленістер мен экономикалық күйзелістер секілді жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, республикада сан түрлі салада елеулі өзгерістер орын алды. Қазақстан орнықты өсім көрсетіп, жоғары табыс деңгейі бар мемлекеттер қатарына жақындай түсті", дейді Төребаева.
2024 жылдың соңына қарай елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 288 миллиард АҚШ долларына жетсе, жан басына шаққандағы ЖІӨ 2019 жылдан бері 50 пайызға жуық өсіп, 14 мың доллардан асты. Бұл көрсеткіштер Қазақстан экономикасының бірқалыпты нығайып, әлемдік аренада бәсекелестік қабілетін арттырғанын аңғартады.
"Еліміздің экономикалық саясаты ең алдымен ұлттық экономиканы әртараптандыруға бағытталды. Осы орайда шикізаттық емес секторлар алға шығып, басты қозғаушы күшке айналды. Мысалы, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан кең қолдау көрсетіліп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,8 есе өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі екі есеге артты. Алты жыл ішінде елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 130 миллиард АҚШ долларын құрап, соның 72,7 миллиарды өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Шетелдік әріптестердің мұндай ауқымды капитал құюы Қазақстан экономикасына деген сенімнің жоғары екенін білдіреді", дейді Мадия Төребаева.
Оның сөзінше, елде әлеуметтік саладағы ілгерілеу реформалардың негізгі бағытына айналды.
"2019 жылдан бері ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өсіп, екі еседен астам артты. Бюджеттік мекеме қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақылары бірнеше есе ұлғайды. Мемлекет денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қаржыландыруды едәуір күшейтіп, медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтті және жаңа оқу стандарттарын енгізді.
Ғылым мен инновация саласы да оң өзгерістерді бастан өткеруде. Биыл 2 297 ғылыми жоба жүзеге асып жатса, олардың 208-і коммерцияландырылып, 25-і экспорт нарығына жол тартты. Бұл жобалардың экономикаға қосқан жалпы үлесі 118,7 миллиард теңгені құрап, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды", дейді маман.
Кең көлемдегі инфрақұрылымдық жаңғырту жылу көздерінің тозу деңгейін 71 пайыздан 61 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
"86 мың шақырым инженерлік желіні жаңарту және генерацияны 7 ГВт-қа арттыру бойынша Ұлттық жоба қолға алынды. Нәтижесінде апаттардың саны 20 пайызға азайып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында өндіріс көлемі 3,5 триллион теңгеге артады деп күтілуде.
Энергия тұтыну көлемі 14 пайызға артқандықтан, бұл жағдай атом энергетикасының дамуын жеделдетті. Елде алғашқы атом электр станциясын салу үшін белгіленген аудан таңдалып, тағы екі станция бойынша дайындық жұмыстары жалғасып жатыр", дейді журналист.
Құрылыс саласында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілді: алты жылда 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасының тұрмыс жағдайын жақсартуға жол ашылды.
"Жол инфрақұрылымында 4,4 мың шақырым магистраль жаңғыртылып, 2024 жылы бұрын-соңды болмаған көлемде — 12 мың шақырым автожол жөндеуден өтуде. Қалай десек те, осы сандық деректер Қазақстанның жаһандық сын-қатерлер мен сыртқы өзгерістерге қарамастан, орнықты даму мен халықтың тұрмыс сапасын көтеру жолындағы ұстанымына берік екенін айғақтайды. Бұған дейін жүріп өткен жол – соның нақ дәлелі", дейді сарапшы.