Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдап, елдің отын-энергетика кешеніндегі ахуал, негізгі жобалардың іске асырылуы және саланы дамыту жоспарлары туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Dala news.
Ақорданың мәліметінше, елде мұнай өндіру тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сонымен қатар мұнай өңдеу көлемін арттыру жоспары таныстырылды. Атап айтқанда:
•Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін,
•Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін,
•Павлодар мұнай-химия зауытын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Ерлан Ақкенженов 2029 жылға дейін жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарлары туралы да баяндады. Биыл Алматы қаласындағы ЖЭО-2 құрылысын аяқтау, сондай-ақ Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары негізінде электр станцияларын пайдалануға беру жоспарланған.
Министр ұлттық «Көмір генерациясын дамыту» жобасының әзірлену барысы жөнінде де ақпарат берді.
Кездесу қорытындысында Президент отын-энергетика секторын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергетикасы салаларындағы жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік нысандардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу қажеттігін ерекше атап өтті.
