Мәмілеге қол қою жөніндегі жұмыс толығымен аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз жиыны өтеді. Кәсіпорынның жаңа инвесторы белгілі болып, оған жүктелген міндеттер туралы ақпарат беріледі.
Бұған дейін Үкіметбасы Әлихан Смайылов Arcelor-дың қазақстандық активтерін алдағы үш жылда кәсіпорынға кемі 3 млрд доллар инвестиция құятын инвесторға берілетінін мәлім еткен. Кәсіпорынның жаңа қожайыны алғашқы кезеңде зауыттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірден 1,3 млрд доллар инвестиция құюы тиіс.
Бұл сома қайдан шықты?
2021 жылы ел Үкіметі мен ArcelorMittal-дың арасындағы түсіністік туралы меморандумға қол қойылған тұста үнді олигархы алдағы 10 жыл ішінде өндірісті жаңғыртуға 3 миллиард доллар инвестициялауға уәде еткен. Кәсіпорынды мемлекет меншігіне алу 46 кеншінің өмірін жалмаған Костенко шахтасындағы трагедиядан кейін қауырт жүріп, түпкілікті шешім қабылданды.
Смайыловтың атап өткеніндей Қазақстан активтерді мемлекет меншігіне алу үшін бюджет қаражатын пайдалануды жоспарлап отырған жоқ. Премьер коммерциялық құпияға сілтеп, мәміленің басқа мәліметтерін жариялаудан бас тартқан.
Белгілі болғандай, активтерді беру процесі бүгін аяқталуы тиіс: кәсіпорын отандық инвесторға тапсырылады.
Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін АМТ-ның жаңа басшысы болып 2017-2021 жылдары осы кәсіпорынды басқарған Вадим Басин тағайындалды. ArcelorMittal бұған дейін Қазақстандағы 15 көмір және темір рудасына, Теміртаудағы металлургиялық зауыт пен жылу электр станциясына және Ақтаудағы құбыр зауытына қожалық етті. 2021 жылы бұл активтер бас холдинг табысының 3,21%-ын қамтамасыз етті (15,565 млрд доллардың 500 млн доллары, ред).
ArcelorMittal акцияларының 39%-ы үнді миллиардеры Лакшми Митталдың отбасына тиесілі (Forbes рейтингінде 14,9 млрд $ табыспен 110-шы орында тұр), 61%-ы ашық нарықта саудаланады, зауыттың 5,83%-ы америкалық BlackRock компаниясына тиесілі.
https://dalanews.kz/sadak/95766-nazarbaev-urpaqsyz-emespin-uldarym-b