Батыс Қазақстан облысы бойынша қыста жолға шығып, қар құрсауында қалғандарға жиі көмектесеміз – Нұржан Кашкенов

Dalanews 29 қар. 2023 06:35 5916

Төтенше жағдай қызметкері болу әр жыл мезгілінде кез келген жағдайға сақадай сай болуы керек. Әсіресе, қыста да Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері азаматтардың амандығы үшін тынбай еңбек етеді. Бұл қатарда Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайдарды жою басқармасының бас маманы Нұржан Кашкенов та бар. Департамент қызметкерімен сұхбаттасып, қыста жолда қалған төтенше жағдайларда азаматтар не істеуі керек екенін сұрадық.

 

– Нұржан мырза, қыста қандай төтенше жағдай бойынша шақыртулар түседі?

– Қыс кезеңінде Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департментіне негізінен автомобиль жолдарында көліктер бұзылып, көліктерді қар құрсауынан шығаруға көмек сұрап, сондай-ақ, далалық жерлерде мал баққан адамдардың жоғалып кетуіне байланысты іздестіру-құтқару жұмыстарына көмек көрсетуге байланысты шақыртулар түсіп тұрады.

– Былтыр және биыл қыстағы төтенше жағдайлардан, оның ішінде қар құрсауында қалған, үсік шалған, жолда қалып қойған қанша адам құтқарылды?

– Өткен 2022-2023 жылдардың қысқы кезеңінде автожолдарда 8 автокөлік қар құрсауынан қауіпсіз жерлерге шығарылып, 26 адам құтқарылды, оның ішінде 10 бала, 29 адам эвакуация жасалды. Құтқару жұмыстарына 39 адам, оның ішінде ТЖД 31 қызметкері, ЖАО 8 қызметкері, ТЖД 10 техникасы, ЖАО 10 техникасы, сонда жалпы саны 18 техникасы жұмылдырылды.

Биылғы қысқы кезең басталғалы әзірге қар құрсауында қалғандарды құтқару жұмыстары жүргізілген жоқ.

– Осындай жағдайға тап болған, яғни қыста жолда қалған адамдарға қандай кеңестер бересіз?

– Жүргізушілер, әсіресе, алыс қашықтыққа сапар шегуді жоспарлайтындар, көліктерінің техникалық жағдайына ерекше назар аударуы керек. Сапар уақытына байланысты алдағы бір-екі тәулікке арналған ауа-райы болжамын нақтылаңыз.

Суық мезгілде ұзақ уақыт жүрмес бұрын көліктің жылу оқшаулауын алдын-ала тексеріп алыңыз. Сапар алдында қозғалтқыш пен батареяның жұмысын тексеріп, жанармай қорын жинаңыз.

Жолға өзіңізбен бірге жылы заттар мен тамақ ала шығыңыз, ұялы телефонды қуаттағышты ұмытпаңыз, сорғыны, сүйреу кабелін, баллон кілтін және домкратты тексеріңіз.


Жүксалғышқа оталдыру сымдарының жиынтығын салып алған жөн. Форс-мажор жағдайында төтенше жағдайға қажетті жинақты дайындаңыз. Жағдайды өзіңіз шеше алмайтын және көмек шақыруға тура келетін оқиғалар болуы мүмкін.

Қажетті жинақта: ұялы телефонға арналған қуаттағыш және қосалқы батарея, жылы киім мен көрпе, әйнектен қар мен мұзды кетіруге арналған щетка, қажет болған жағдайда дөңгелектерді қардан тазалау үшін кішкене күрек, қол шамы және оған арналған батареялар жиынтығы, алғашқы көмек жинағы, тамақ пен сусын, балта және жиналмалы ара, «құрғақ жанармай» қаптамасы, оттық және шағын пеш болуы қажет.

– Адамдар қыста алыс жолға шықпас бұрын бұдан өзге тағы да нені ескеру керек?

– Жолға шықпас бұрын отбасы мүшелеріне, көршілеріңізге, достарыңызға нақтыланған жүру маршрутын және қайтудың болжамды уақытын хабарлау қажет.

Егер жолда қиын жағдайға тап болсаңыз, заманауи байланыс құралдарын пайдалану қажет, бұл құтқару бөлімшелерінің жауап беру уақытын едәуір тездетеді. Батареяның қуатын үнемдеуге тырысыңыз.

– Мәселен, қыс уақытында жолда кенет көлік бұзылып қалса, жүргізушілердің әрекеті қандай болмақ?

– Егер жолда көлігіңіз бұзылса, көліктің алдына және артына ескерту белгілерін қойыңыз, бұл кесілген ағаш немесе кез келген ерекшеленетін заттар болуы мүмкін. Егер көлік жұмыс істеп тұрса, желдету және түтінмен уланудың алдын алу үшін әйнекті сәл ашып қою керек.

Түтін кабинаның және салонның ашық терезелеріне түспеуі үшін көлікті желге қарсы қою керек. Түтін шығу құбырының мұзбен және қармен бітеліп қалмауын қадағалаңыз.


Егер көлік бұзылған болса, үрейленбеңіз, «111» немесе «101» жедел қызметтерінің бірыңғай нөмірін теріңіз, проблемаңыз туралы хабарлаңыз және орналасқан жеріңіздің координаттарын беріңіз. Жылуды сақтау және қолда бар азық-түлік қорын үнемді пайдалануға тырысыңыз.

– Қысқа дейін бұл төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар жасалады?

– Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бірқатар шаралар атқарады.

Батыс Қазақстан облысының халқы мен аумағын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардан қорғау туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімін дайындап, бекітеді. Осы өкіммен қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша іс-шаралар жоспары және облыстық жедел штаб құрамы бекітіледі.

Аталған құжаттар облыстың барлық ұйымдары мен мекемелеріне және азаматтық қорғау қызметтеріне, олардың құрылымдарына орындау үшін жолданады. Жыл сайын қыркүйек айында облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өткізіліп, барлық мүдделі ұйымдарға қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар беріледі.

– Қыста төтенше жағдайға қарсы күресте өзге департаменттермен, ұйымдармен қандай бірлескен әрекеттер жасайсыздар?

– Қазан айында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері облыстық Полиция департаментімен, Жолаушылар көлігі және автомомбиль жолдары басқармасымен, «ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО филиалымен бірге автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығына комиссиялық тексерістер жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою үшін мүдделі ұйымдарға тиісті ақпараттар жолданады.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өтімділігі жоғары көліктері автомобиль жолдарының қар басу қаупі бар учаскелеріне бекітіледі.

Биылғы жылы 80 техника бекітілді. Жол қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар республикалық және облыстық маңыздағы автомобиль жолдарының бойында жылыту пункттерін ұйымдастырады.


Сонымен қатар, қар құрсауында қалып қойған азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында жол бойынша орналасқан кемпингтермен және тамақтану мекемелерімен ниет-шарттар жасасады. Өндірістік ұйымдардың және тіршілікті қамтамасыз ету бойынша коммуналдық қызметтердің пайдалануындағы жылыту зеңбіректері мен автономдық электр генераторларының саны мен тізімдерін жасақтап, қыс мезгілінде пайдалануға дайындайды.

Жол қызметтерінің қысқы мезгілге жолдарға төселетін инертті материалдар мен жанар-жағармай қорын, қар ұстау қалқандарын дайындауына бақылау жүргізіледі.

Сұхбаттасқан Қуаныш ЕРМЕКОВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар