Скляр доллар бағамының шарықтауына Бектеновтің сөзі себеп емес деп санайды

Кәмшат Тілеухан 31 шіл. 2025 13:03

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қазақстанда доллар бағамының күрт көтерілуіне қатысты пікір білдірді. Бұған дейін доллар бағамы 550 теңгеге дейін көтеріліп, сарапшылар мұны үкімет басшысы Олжас Бектеновтың мәлімдемесімен байланыстырған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске сала кетсек, Бектенов баспасөз мәслихатында үкімет 2026 жылғы бюджеттің болжамына доллар бағамын 540 теңге және мұнай баррелінің бағасын 60 доллар шамасында бекіткенін айтқан еді. Осы мәлімдемеден кейін ұлттық валюта бірден әлсірей бастады.

Үкіметтегі баспасөз жиынында журналист Жәния Уранқаева "Премьер-министрдің мәлімдемесі үшін үкімет жауапкершілік арқалай ма" деген сауал қойды.

"Келесі жылдың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында 1 АҚШ долларының бағамы анық көрсетілген: мәселен пессимистік сценарий бойынша мұнайдың бір баррелі 60 доллар болған жағдайда 1 АҚШ доллары 540 теңге болмақ. Бұл арада әртүрлі нұсқалар болуы мүмкін. Олжас Бектенов әлеуметтік-экономикалық даму болжамына қатысты сандарды алдында жариялаған болатын. Қазіргі жағдайға келетін болсақ, қандай да бір жолмен Үкімет басшысының айтқандары осындай өсімге алып келді деп байланыстыра айту, менің ойымша, орынсыз", - деді алдымен Роман Скляр.

Оның айтуынша, Ұлттық банк - мемлекеттік органдар иерархиясындағы жеке құрылым әрі ол Үкіметке бағынбайды.

"Олар ақша-несие саясатын қажетті жағдайға қарап жүргізеді. Бірақ, менің және әріптестерімнің болжамы бойынша "доллар бағамы әлі де кері кетеді, ол соншалықты жоғары болмауы тиіс". Бұған дейін де осындай жағдайлар болған, нарық ақырында тұрақталады. Ұлттық банк те өз тарапынан қажетті шараларды атқаратынына сенімдімін", – деп сөзін қорытындылады Роман Скляр.

2025 жылғы 30 шілдеде Қазақстанда доллар бағамы алғаш рет 550 теңге деңгейінен асып, ҚР Ұлттық Банкін валюталық интервенция жүргізуге мәжбүр етті. Нәтижесінде 1 АҚШ доллары 546,36 теңгеге дейін төмендеді. 

Бұған дейін сайтымызда "AERC сарапшылары теңге бағамына қатысты болжамды нашарлату тұрғысында қайта қарады" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар