Freedom Inside '26

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын толық көлемде өздері басқара алады – Асхат Аймағамбетов

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын толық көлемде өздері басқара алады – Асхат Аймағамбетов
gov.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын басқаруда көбірек мүмкіндік беретін жаңа норманың Сенатта мақұлданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, енді азаматтар зейнетақы жинақтарының 100 пайызын өз таңдауы бойынша басқарушы инвестициялық компанияларға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың тек 50 пайызына ғана берілген еді.

«Енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді. Жинақталған ақшаңызды бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе қаражатыңыздың 100 пайызын арнайы қаржы компанияларына басқаруға беруге болады», – деп жазды Аймағамбетов Telegram арнасында.

Оның сөзінше, жаңа норма азаматтарға инвестициялық стратегияны өздері таңдауға мүмкіндік береді. Мысалы, зейнетақы жинақтарын тәуекелі жоғары әрі табысы көбірек бағыттарға немесе керісінше, табысы төмендеу болса да тұрақты қаржы құралдарына бөлуге болады.

Депутат басқарушы компаниялар азаматтардың негізгі салған қаражатының сақталуына кепілдік беретінін атап өтті. Сондай-ақ олардың қызметі Ұлттық банк пен мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады.

Айта кетейік, қазір қазақстандықтардың міндетті зейнетақы жарналарының басым бөлігін Ұлттық банк басқарады және инвестициялайды.