AERC сарапшылары теңге бағамына қатысты болжамды нашарлату тұрғысында қайта қарады

Кәмшат Тілеухан 31 шіл. 2025 12:27

AERC 2025 жылға арналған теңге бағамына қатысты алдыңғы болжамын нашарлату тұрғысында қайта қарап шықты. Бұл мәлімет ұйымның макроэкономикалық шолуында қамтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшылардың базалық болжамына сәйкес, ұлттық валюта бағамының маусым айында әлсіреуі мұнай бағасының төмендеуімен байланысты болды. Сондай-ақ, маусым айында трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан сату үшін Ұлттық Банктің алған валюта көлемі төмендеді: мамыр айында 988 млн доллар болса, маусымда 800 млн доллар. Жалпы, 2025 жылдың II-тоқсанында 1 АҚШ долларының орташа құны 513,77 теңге деңгейінде қалыптасты.

AERC биылғы жылы теңгеге шаққанда 1 АҚШ долларының орташа бағамы 517,4 теңге деңгейінде қалыптасады деп болжайды.

"Ағымдағы шолуда 2025 жылға арналған ақша айырбас бағамының болжамы мұнай бағасының төмендеу алғышарттарына сүйене отырып, сәуір айындағы шолумен салыстырғанда (бұрынғы болжам - 512,8 теңге) ұлттық валюта көбірек құнсызданады деген тұрғыда түзетілді", – деп атап өтті сарапшылар.

Сондай-ақ бағалар өсіміне қатысты болжамдар да өзгертілді. Маусым айында жылдық тұтынушылық инфляция 11,8% болды. Бір айда бағаның жалпы деңгейі 0,8%-ға өсті.

"Әлемдегі азық-түлік инфляциясы және USD/KZT айырбас бағамы бойынша алғышартты арттыру тұрғысында қайта қарау Қазақстандағы 2025 жылға арналған орташа жылдық тұтыну инфляциясы болжамын 11,0% (бұрын – 9,8%) деңгейіне дейін арттыруға себеп болды", делінген шолуда.

AERC биылғы жылы номиналды ақшалай кірістердің өсім қарқыны 15,5% құрайды деп күтеді. Өсім орташа айлық номиналды жалақының өсу қарқыны бойынша алғышартты қайта қарауға байланысты тіркелді.

"Инфляция болжамының нашарлауына байланысты біз халықтың нақты ақшалай табысы 2025 жылы небәрі 4,0%-ға (бұрын – 4,8%) өседі деп күтеміз", - дейді сарапшылар.

Мемлекеттік бюджет тапшылығына келетін болсақ, сарапшылар оның 3,85 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің (-) 2,5% -ын құрайды деп есептейді. Болжам қаражаттың жетіспеушілігі тұрғысында қайта қаралды, ал сәуір айында ол 3,68 трлн теңге деңгейінде күтілген еді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері бойынша болжам да шамалы түзетілді: 20,56 трлн теңгеден 20,55 трлн теңгеге дейін. Оның ішінде КТС қаражатының түсімі 5,4 трлн теңгені (5,396 трлн теңге бұрын), ҚҚС – 5,23 трлн теңгені (5,39 трлн теңге бұрын), ЖТС – 2,53 трлн теңгеден 2,6 трлн теңгеге дейін.

Сондай-ақ, AERC болжамы бойынша, 2025 жылы төлем балансының ағымдағы операцияларының шотында (- ) 21,15 млрд доллар немесе ( - ) ЖІӨ-ге шаққанда 7,2% деңгейінде тапшылық болады деп күтіледі.

Бұл тапшылық көлемі сәуір айындағы шолумен салыстырғанда біршама жақсарды.

Сұраныс моделі бойынша Қазақстанның нақты ЖІӨ 2025 жылы 4,9%-ға (4,5% бұрын) өседі, деп атап өтті нарықртың кәсіби қатысушылары.

"Экономикалық өсім болжамын жақсартуға негізгі себебі үй шаруашылығының тұтынушылық сұранысы мен негізгі капиталдың жалпы жинақталуы туралы болжамды қайта қарау негіз болды", – деп қорытындылайды AERC сарапшылары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар