"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК және Siemens компаниясы Қазақстанда жоғары технологиялық өлшеу техникасын, өнеркәсіптік автоматтандыру құралдарын, сондай-ақ тарату және коммутациялық электр жабдықтарын өндіруді кезең-кезеңімен оқшаулау туралы стратегиялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Осы келісім шеңберінде Түркістан қаласында Siemens және "KAP Technology" ЖШС ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ еншілес ұйымы) арасында жоғары дәлдіктегі электромагниттік шығын өлшегіштерді, автоматтандыру шкафтарын, жиілік түрлендіргіштерді, қысым датчиктерін және басқа құрылғылар өндірісін кезең-кезеңімен оқшаулайтын бірлескен өндірістік алаң құру жоспарлануда.
"Бұл жоба Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес отандық тауарлар көлемін ұлғайту және офтейк жүйесін дамыту жөніндегі күш-жігерімізді әрі қарай жалғастырады. Қазатомөнеркәсіпте импортты алмастыру бойынша жергілікті жобалау кеңсесі жұмыс істейді, ол отандық өндірушілерді қолдап, жаңа жобаларды қарайды. Siemens-пен бірлесіп өндірісті оқшаулау біздің кәсіпорындарда автоматтандыру мен цифрландыру деңгейін едәуір арттырады, бұл оларды әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті етеді", деп атап өтті "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
"KAP Technology" ЖШС-тің ресми серіктесі Siemens-пен ынтымақтастығы инновациялық технологияларды дамытуға және өнеркәсіптік автоматтандыруда заманауи шешімдерді енгізуге өзара міндеттемесін көрсетеді. Серіктестік барысында компания тек технологиялық жабдықты ғана емес, сонымен қатар өндірістік процестердің тиімділігін едәуір арттырған консультациялық, инжинирингтік және сервистік қызметтерді де ұсынды. Жаңа жоба Қазатомөнеркәсіп пен Siemens арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың маңызды кезеңі болып, қосымша жұмыс орындарын ашады және білікті мамандарды оқытуды қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, бұл жоба "Самұрық-Қазына" қорының кең стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Қыркүйек айында Қазақстан-Германия бизнес-форумы аясында Қор Siemens компаниясымен өндірісті оқшаулау үшін жабдықтар мен материалдарды жеткізу, Қазақстанда бірлескен өндіріс құру, кадрларды оқыту және басқа да бастамаларды іске асыру туралы келісімге қол қойды. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның инновациялық мүмкіндіктерін күшейтіп, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.