Freedom Inside '26

Қазақстанда психологтар мемлекеттік тіркеуге алынады: Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Қазақстанда психологтар мемлекеттік тіркеуге алынады: Тоқаев жаңа заңға қол қойды
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Психологиялық қызмет туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңның толық мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.

Бұған дейін айтылғандай, құжаттың басты мақсаты – Қазақстанда психологиялық қызмет көрсетудің құқықтық, ұйымдық және әдептік негіздерін нақтылау.

Жаңа заңға сәйкес, психолог ретінде жұмыс істейтін мамандарға бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, олардың жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық не медициналық білімі болуы керек. Сонымен қатар мамандар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 900 сағаттық қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін растауға міндетті.

Бұдан бөлек, психологтар мемлекеттік тіркеуге тұруы тиіс. Осы мақсатта елде психологтардың мемлекеттік тізілімі құрылады. Мамандарды тіркеу тәртібін кәсіби біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Заңда психологтардың қызметіне қатысты шектеулер де қарастырылған. Мәселен, оларға медициналық диагностика жүргізуге, дәрі-дәрмекпен ем тағайындауға, психобелсенді заттарды немесе адамның санасына әсер ететін өзге де әдістерді қолдануға тыйым салынады.

Сондай-ақ психологтар кәмелетке толмаған балалармен ата-анасының немесе заңды өкілінің хабардар етілген келісімінсіз жұмыс істей алмайды. Алайда бұл талап білім беру ұйымдарындағы жұмысқа, сондай-ақ заңнамаға сәйкес көмек көрсетілетін төтенше және дағдарыстық жағдайларға қолданылмайды.

Кез келген психологиялық жұмыс басталмас бұрын клиент өзінің хабардар етілген келісімін беруі қажет.

Заң талаптарын бұзған психологтарға айыппұл салынады.