Үкімет Атырау облысына республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажеттігін зерделеп жатыр. Бұл үшін алдымен өңір бюджетіне нақты қанша қаражат түскені және облыстың жоспарланған кіріс көлемін орындай алатыны жан-жақты талданады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тек осы талдау нәтижелерінен кейін өңірге қаржылай қолдау көрсету мәселесі бойынша шешім қабылданады.
Болжамға сәйкес, 2026 жылы Атырау облысының бюджетіне 1,145 трлн теңге түсуі тиіс. Алайда алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша бюджетке 335,9 млрд теңге ғана түскен.
Үкіметтің мәліметінше, өңір кірісінің төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – Теңіз кен орнындағы үшінші буын зауытының құрылысы аяқталғаннан кейін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтан түсетін түсімдердің азаюы.
Сонымен қатар «Теңіз» жобасына қатысты салық салу ерекшеліктеріне байланысты мүлік салығынан түсетін кіріс те қысқарған. Бұдан бөлек, жыл басындағы алғашқы тоқсанда бензин мен дизель отыны бағасын көтеруге енгізілген мораторий салдарынан акциздерден түсетін түсім де төмендеген.
Соған қарамастан, 2026 жылы Атырау облысынан республикалық бюджетке алынатын бюджеттік алып қою көлемі 262,4 млрд теңгені құрайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл сома үш жылдық бюджеттік кезең аяқталғанға дейін өзгертілмейді.