Freedom Inside '26

Беларусь билігі азаматтарға Ресейге, әсіресе, шекара маңына бармауға кеңес берді

Беларусь билігі азаматтарға Ресейге, әсіресе, шекара маңына бармауға кеңес берді
sputnik8.com

Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович ел азаматтарына уақытша Ресейге, әсіресе, шекаралас аймақтарға бармауға кеңес берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, Украинадағы соғыс аяқталғанға дейін мұндай сапарлардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Бұл мәлімдеме кейінгі үш аптада екінші рет Брян облысында Беларусь азаматтары отырған автобустарға украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады деген ақпараттан кейін жарияланды.

"Бұған дейін де ескерткенбіз. Президент бірнеше рет Беларусь азаматтарын Ресейге, әсіресе, шекара маңындағы өңірлерге барудан бас тартуға шақырды. Ол жақта күн сайын дрондар құлап, осындай жағымсыз оқиғалар болып жатыр. Шекараны жапқан жоқпыз, бару немесе бармау - әркімнің өз таңдауы", - деді Александр Вольфович.

Ол шабуылға ұшыраған автобус мектеп, спорт ұйымы немесе мемлекеттік мекеменің ұйымдастырған сапарына қатыспағанын айтты. Оның сөзінше, бұл Анападағы Қара теңіз жағалауына демалуға шыққан Беларусь азаматтарының жеке сапары болған.

Сондай-ақ, Вольфович соғыс аяқталғанға дейін мұндай сапарлардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайтынын айтып, азаматтарға Беларусь аумағындағы демалыс орындарын таңдауға кеңес берді.

Айта кетейік, Ресей билігі Беларусь азаматтары мінген автобустарға жасалған шабуыл туралы 17 маусымда және 2 шілдеде мәлімдеді.