Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті қылмыстық істерді тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың айтуынша, ведомство азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, қылмыстық істерді заң талаптарына сай тергеуге, қылмыстан келген залалды өтеуге, кінәлілердің жауапкершілігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық береді.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы тиімді тетіктердің бірі – Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес енгізілетін тергеуші ұсыныстары. Жыл басынан бері тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында мемлекеттік органдарға, мекемелер мен ұйымдарға шамамен 45 мың ұсыныс жолданған.
Қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Ұсыныстарды қарау нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылданған. Атап айтқанда:
* әлеуметтік жағдайы күрделі аудандарда, сауда және ойын-сауық орындарында қосымша екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды;
* жол-көлік оқиғалары жиі болатын 155 учаскеде жарықтандыру жүйелері, бағдаршамдар, жол белгілері мен жол таңбалары жаңартылды;
* 56 нысанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күзет жүйелері жаңғыртылды;
* білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара өткізілді.
Павлодардағы лаундж-бардың жұмысы тоқтатылды
Самат Аисовтың мәліметінше, қылмысты қайталап жасаған сегіз шартты түрде сотталған азамат жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберілген.
Сондай-ақ заңсыз қызметпен айналысқан төрт субъектінің жұмысы тоқтатылып, 15 кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақытына шектеу қойылған.
Нақты мысал ретінде биыл қаңтарда бұзақылық оқиғасы тіркелгеннен кейін Павлодардағы лаундж-барлардың бірінің қызметі тоқтатылған.
Автобус өртенгеннен кейін жаппай тексеру жүргізілді
Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы – Балқаш автожолында жолаушылар автобусы өртеніп, салдарынан кәмелетке толмаған баланың қаза болуына байланысты тергеушінің ұсынысымен барлық жолаушылар автобустарына кешенді тексеру жүргізілген.
Тексеру қорытындысында 199 жүргізуші мен автобус иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 55 адам автобустың салонын тиісті рұқсатсыз жатын орынға бейімдегені үшін жауапқа тартылған.
Ұсыныстарды қарау нәтижесінде қылмыстың жасалуына жол берген әрекетсіздігі үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, тағы 500-ден астам адам ұсыныстарды қарау бойынша қажетті шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
34 млрд теңгеден астам шығын өтелді
ІІМ мәліметінше, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы шығын көлемі 72 млрд теңгеден асқан. Соның 34 млрд теңгеден астамы өтелген. Мысалы, Астанада интернет-алаяқтықтан зардап шеккен 111 азаматқа келтірілген 140 млн теңгеден астам шығын толық көлемде қайтарылған.
Сонымен қатар шығынды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 29 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынған. Оның ішінде Алматы облысында алаяқтық ісі бойынша екі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын 28 жылжымайтын мүлік нысанына тыйым салынған.
Өтемақы қорынан 831 млн теңге төленді
Самат Аисовтың айтуынша, азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры жұмыс істейді. Өтемақы алу құқығы қылмыстың 124 құрамы бойынша қарастырылған. Төлем мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Қор жұмыс істей бастағалы бері бес мыңнан астам жәбірленушіге жалпы сомасы 831 млн теңгеден астам өтемақы төленген.
Болашақ тергеушілерді даярлау жалғасуда
ІІМ-де болашақ тергеушілер мен анықтаушыларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жұмыс ведомстволық оқу орындары арқылы және азаматтық жоғары оқу орындарының заң факультеттерімен бірлесіп жүргізілуде. 2019 жылдан бері заң факультеттерінің студенттеріне арналған дуальды оқыту бағдарламасы іске асырылып келеді.
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарымен 40 ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. 47 студенттік клуб жұмыс істейді, олардың құрамында 1 524 студент бар. Ал 100-ден астам түлек диплом алғаннан кейін ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
Самат Аисовтың сөзінше, атқарылып жатқан жұмыстар құқық бұзушылықтың алдын алудан бастап, жәбірленушілердің шығынын өтеу мен болашақ кадрларды даярлауға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Оның айтуынша, бұл шаралар профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.