ШҚО-да су деңгейі көтеріліп, Зубовск кентінде 13 үйдің ауласын су басты

Ақтоты Жапатова 02 мам. 2025 11:45 301

Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма мен Поганка өзендерінде су деңгейі күрт көтеріліп, Зубовск кентіндегі 13 үйдің ауласын су басты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Төтенше жағдайдың туындауына аймақтағы толассыз жауын-шашын мен таудағы қардың тез еруі себеп болған. Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі сындарлы деңгейден асып, Поганка өзенінде жер асты сулары көтерілген. Нәтижесінде 10 тұрғын үй мен 3 тұрғын емес нысанның аула аумақтарын су басқан.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үйлердің ішіне су кірмеген. Құтқарушылар жалпы көлемі 4250 текше метр суды сорып шығарған. Су басудың алдын алу үшін 2000 дана құм салынған қап төселіп, бөгеттерге 980 тонна тау жынысы жеткізілген. Сонымен қатар, ұзындығы 60 метр полиэтилен үлдір дренаж учаскесіне төселген.

1 мамыр күні аймаққа арнайы келген облыс әкімі жағдайды бақылап, барлық жауапты мекемелерге қауіпті толық жоюды тапсырды.

– Су деңгейі қазіргі таңда 73 см-ге төмендеп, 535 см-ді құрады. Қауіптің шегі еңсерілді. Халықты эвакуациялау қажет емес. Барлық қызметтер үйлесімді әрі жедел әрекет етіп жатыр, – деп жазды Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Аймақта жедел штаб құрылып, бөгетті қосымша нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар