Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингке жіберуге міндеттеледі - Сенат

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерді скринингке жіберуге міндеттеледі - Сенат
pixabay.com

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерге медициналық скринингтен өту үшін арнайы уақыт беруге міндеттеледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сенат еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған түзетулерді мақұлдады

Жаңа заң жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған.

Түзетулерге сәйкес, енді медициналық ұйымдар цифрлық жүйелер арқылы жұмыс берушілерге қызметкерлердің скринингтік тексеруден өту қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.

Сонымен қатар жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін арнайы уақыт беруге міндеттеледі. Бұл кезде жұмыс орны мен орташа жалақысы толық сақталуы тиіс.

Заңда мұндай демалысты бермеген жұмыс берушілер жауапкершілікке тартылатыны да көрсетілген.

Құжат аясында еңбек қатынастарындағы әлеуметтік әріптестік те күшейтіледі. Енді өңірлік деңгейде келісімдердің орындалуы бойынша есептер міндетті түрде тыңдалады.

Сондай ақ қызметкерлердің құқықтары жеке өмірді қорғау, ар намыс пен қадір қасиетті құрметтеу нормаларымен толықтырылды.

Жұмыс берушілерге еңбек жағдайының қауіпсіздік талаптарына сай болуын қамтамасыз ету міндеті бекітіледі.

Бұдан бөлек, кәсіпорындардағы ішкі бақылау аясында еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлардың өкілеттігі кеңейтіледі.