Санжар Боқаевқа қатысты бұлтартпау шарасы ұзартылды. Алматы қаласының тергеу соты оны 18 маусымға дейін тергеу абақтысында қалдыру туралы шешім шығарған. Бұл жөнінде адвокаты Радмир Өтепов хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Белсенді 18 наурыздан бері қамауда отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол аса ірі көлемдегі алаяқтыққа, жалған ақпарат таратуға және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялауға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәліметіне сәйкес, Боқаев заңсыз ағаш кесу әрекетін өзі ұйымдастырып, оны видеоға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде жариялаған болуы мүмкін. Тергеу аясында бұл іске әлеуметтік осал топ өкілдері тартылғаны да айтылды.
Белсендінің жақтастары қылмыстық істі «қолдан жасалған» деп бағалап, оның артында саяси себептер болуы ықтимал екенін мәлімдеген. Сондай-ақ олар істі ашық форматта қарауды талап етіп отыр.
Санжар Боқаев соңғы жылдары Қазақстандағы заңсыздықтар, утильалым, бюджет қаржысының жұмсалуы және Алматыдағы құрылыс саласындағы даулы мәселелер туралы видеолары арқылы танылған.