Ақтау қаласында бір жарым жастағы бала жол апатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 13 мамыр күні облыс орталығының 27-шағынауданында болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жол талғамайтын көлік кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Салдарынан сәби оқиға орнында жан тапсырған.
Рөлде полиция қызметкері болған
Маңғыстау облысының полиция департаменті мәліметінше, қызметтік көлікті құқық қорғау органының қызметкері басқарған. Полицей 27-шағынаудандағы тұрғын үйдің алдындағы жолда бір жарым жастағы ұл баланы қағып кеткен. Бала есін жимастан оқиға орнында қайтыс болған.
Қылмыстық іс қозғалды
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті қаза тапқан баланың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство басшылығы бұл істі ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.