Шымкенттегі алма бақтарына қатысты атышулы іс сотқа жетті

Сағыныш Сардарова 16 сәу. 2026 10:10

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті интенсивті алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру" бағдарламасы шеңберінде жобаларды қаржыландыру "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы жүзеге асырылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты дайын инфрақұрылымы бар ауыл шаруашылығы жерлерін кәсіпкерлік субъектілеріне лизингке беру болған.

Тергеу амалдарына сүйенсек, қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаров байланысы бар тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдарды, соның ішінде Green Mart Kazakhstan ЖШС-ны тарта отырып, мемлекеттік қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған. Тауарлар мен жұмыстарды сатып алу белгіленген рәсімдерді бұза отырып, негізінен бір көзден алу тәсілімен жүргізілген. Жабдықтардың, материалдардың және құрылыс-монтаж жұмыстарының құны жасанды түрде өсірілген, ал көзделген жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.

Соған қарамастан жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, солардың негізінде бюджет қаражаты аударылған. Салдарынан мемлекетке 430 млн теңгеден аса залал келген.

Қосымша агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу деректері де анықталды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, субсидия алуға өтініштер берілген.

Нәтижесінде олардың шоттарына жалпы сомасы 327 млн теңгеден аса бюджет қаражаты аударылған. Алайда көрсетілген мақсаттарға қаражаттың тек шамамен 20%-ы жұмсалып, қалған бөлігі, яғни 250 млн теңгеден аса қаржы сенімді адамдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған.

Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын, құны 1 млрд теңгеден асатын жер учаскелеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove