Шымкентте жұрттан 1 млрд теңге жинап үлгерген "Аяла Голд" қаржы пирамидасы қызметін тоқтатты

Кәмшат Тілеухан 08 там. 2025 12:25

Қаржы монитрингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен "Аяла Голд" қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Зергерлік бұйымдарды сататын компания ретінде өздерін бүркемелеген күдіктілер азаматтарға ай сайын 50–60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, инвестиция салуды ұсынған.  Төлемдер нақты пайда есебінен емес, жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Салдарынан қаржылық пирамидаға 400-ден астам салымшы тартылып, олар 1 миллиард теңгеден астам қаражат салған. Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табысқа бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл пәтерлерге тыйым салынды. Бұдан бөлек, күдіктілер өз туыстарын қаржылық схемаға тартып, оларды "дроппер" ретінде пайдаланған, яғни басқа салымшылардан түскен қаражатты олардың банк реквизиттері арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған", делінген ҚМА хабарламасында.

Қаржылық пирамиданың ұйымдастырушысы екі ай мерзімге қамауға алынды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Бұған дейін Алматыда тендер махинациясы әшкереленгенін жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар