Шымкент қаласы жылыту маусымына осы бастан дайындық жүргізуде

Dalanews 21 мау. 2017 11:48 703

Қазіргі таңда қаладағы оңтүстік аймақта - 22 шақырым, ал солтүстік аймақта 42 шақырым магистарльды құбыр жөнделуде. Бұған қоса Байтұрсынов көшесіндегі магистральды құбырдан бөлек, Рысқұлов көшесінің бойында ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жаңалануда. Бұл учаскедегі ескірген, диаметрі үлкен құбырлар дәл сондай, бірақ, тот баспайтындай етіп қапталған құбырларға алмастырылуда. Өте сапалы құбырлар су кеткен немесе тесілген жағдайда хабар беретін құрылғылармен жабдықталған. Бұл жөнінде қалалық баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғын үйлер бойынша қазіргі таңда қалада халыққа қысқы жылу маусымына дайындық бойынша қызмет көрсететін 13 сервистік компания құрылған. Қазір бұл компаниялармен 909 үй немесе барлық үйдің 50%-на жуығы келісім-шарт жасап үлгерді. Қазірдің өзінде облыс орталығындағы көпқабатты 24 үй жылу қабылдауға дайын.

Айта кету керек, келісім-шарт жасамаған үйлердің тұрғындарына үйлерін қысқы жылыту маусымына өздері дайындауы немесе баспаналарын сеніп тапсыратын компанияны таңдауы тиіс. Бұл үшін аудан әкімдігіне бару жеткілікті. Ондағы мамандар барлық компаниялар туралы толық түсіндіріп береді. Ал тұрғындар солардың бірін таңдаса болғаны. Бұл тұста компания қызметінің ақысын үйлерін қысқа өздері дайындаған кездегідей бірден емес, түбіртек бойынша төлейді.

Жалпы, Шымкентте бюджеттік 352 нысан бар. Соның ішінде білім беру саласында - 223, денсаулық сақтау саласында - 78, мәдениетте - 42 нысан болса, 6 спорт нысаны бар. Бұл мекемелерді де қысқы маусымға дайындау ісі қолға алынған. 31 нысан дайын. Жалпы, Шымкентті жылыту маусымына дайындау 1 қазанға қарай аяқталмақ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар