Шымбұлақта бағаның күрт қымбаттауы жұрттың наразылығын тудырды

Қаракөз Амантай 27 қар. 2025 14:40

Әлеуметтік желіде “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортындағы  бағаның шектен тыс қымбаттауына қатысты шағымдар көбейіп келеді. Пайдаланушылар биылғы маусымдық абонемент пен курорт аумағындағы коммерциялық нысандардың қызмет көрсету құны еселеп өскенін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Абонемент бағасы

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, биыл маусымдық абонемент 550 мың теңгеге жеткен. Ал өткен маусымда оның құны шамамен 360 мың теңге болған. 


Сондай-ақ шағымдар тек абонементпен шектелмейді. Курорт аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарының бағасы да көпшіліктің ашуын туғызды. Мәселен, желіде жарияланған видеолардың бірінде бір стақан шай 5 мың теңгеден сатылып жатқаны көрсетілген.

Бұған дейін демалушылардың бірі осы мәселеге қатысты өз шағымын жеткізген еді.

“Шымбұлақта бір қызық тенденция бар. Неғұрлым жоғары көтерілсең, соғұрлым тамақ қымбаттай береді. Біз қатты тоңып қалдық, сондықтан шай ішейік дедік. Әдетте шай ішпеймін, бірақ мына кішкентай стақан шайға 5 мың теңге төледім”, – дейді видеодағы ару.

Бұл бейне көпшіліктің талқысына түсіп, әлеуметтік желілерде сын-пікірлер көбейді. 

Шымбұлақ әкімшілігі не дейді?

Даулы мәселеге қатысты Шымбұлақ әкімшілігі ресми жауап берді. Олардың айтуынша, жаңа маусымға арналған баға тізімі әлі нақты бекітілмеген.

“6 желтоқсанда маусымның ресми ашылуы жоспарланған. Сол күнге қарай жаңа маусымға арналған баға тізімі белгілі болады”, — деп жауап берді.

Алайда абонемент бағасының неге өскені және коммерциялық нүктелердегі баға саясаты қалай реттелетіні туралы нақты түсініктеме берілген жоқ.

Ресми сауал жолданды

Dalanews.kz редакциясы Шымбұлақтағы қызмет құнының қымбаттауына байланысты Алматы қаласы Туризм басқармасына ресми сауал жолдады. Аталған мекемден әзірге жауап келген жоқ.

Шымбұлаққа келушілер саны

Айта кетейік, былтыр "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты 1,5 млн қонақ қабылдады. Бұл – отандық және шетелдік туристердің жалпы саны. Тау-шаңғы курортына жазғы және қысқы маусымда шамамен бірдей туристер келген. Яғни, жазғы маусымда – 700 мың, қысқы кезеңде 800 мың адам "Шымбұлаққа" барған. Туристер санының жылдық өсімі 24 пайызды құрады. 

Курорт бүгінде ел тұрғындары мен шетелдік меймандар үшін ең танымал демалыс орындарының біріне айналып келеді.

Дегенмен келушілер санының артуы қуантқанымен, бағаның күрт өсуі қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар