Шымбұлақ қымбаттап кеткен: Туристерге басқа, жергілікті халыққа бөлек баға белгілеу ұсынылды

Қаракөз Амантай 13 қаң. 2026 10:37

Журналист Сая Манарбекқызы “Шымбұлақ” тау-шаңғы курортының бағасы жыл сайын қымбаттап, қарапайым қазақстандықтар үшін қолжетімсіз болып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бүгінде “Шымбұлақ” туристерге арналғандай әсер қалдырады. Журналист бағаның өсуін қосылған құн салығының (ҚҚС) өзгеруімен байланыстыру қисынсыз екенін алға тартты.

Айтуынша, 2025 жылы аспалы жолмен жоғары көтерілу құны 10.800 теңге болған, ол кезде ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыз еді. Ал 2026 жылдан бастап ҚҚС 16 пайызға көтерілгенімен, баға 4 пайызға емес, шамамен 25 пайыз өскен.

“Қазір екі кезекке бір адам үшін билет құны 10 мың теңгеге жетті. Екі адамға – 20 мың теңге. Бұл баға мереке күндері 11 қаңтарға дейін сақталды. 12 қаңтардан бастап 8 мың теңгеге түсті. Бірақ бұл бағаның өзі көптеген қазақстандық үшін қолжетімсіз”, – деді ол.

Манарбекқызының сөзінше, курорт аумағында тек шаңғы тебу емес, тамақтану құны да қымбат. Бұған дейін ол әлеуметтік желілерде бір стақан шайдың бағасы 5 мың теңге екені туралы видео тарағанын да еске салды.

Осыған байланысты журналист қоғамда екі түрлі тариф енгізу туралы ұсыныстар айтылып жатқанын жеткізді. Айтуынша, бірінші тариф Қазақстан азаматтары үшін қолжетімді болуы керек. Ал екіншісі, яғни туристерге арналғанын қымбатырақ белгілеуге болады.

"Мұндай тәжірибе көптеген елде бар. Біз шетелге барғанда турист ретінде қымбат төлейміз, оған қарсылық білдірмейміз. Бірақ өз елімізде қарапайым азаматтардың да демалып, таза ауа жұтып, қолжетімді бағамен тамақтанып, мүмкін болса, шаңғы тебуіне жағдай жасалуы керек”, – деді ол.

Журналист айлық табысы 100 мың теңге шамасындағы адамдар, көпбалалы отбасылар немесе несиесі бар азаматтар үшін “Шымбұлақта” демалу мүмкін емес екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Көкжайлау мәселесіне де тоқталып, бұл аймақтың халық үшін қолжетімді демалыс орны болып қалуы маңызды екенін айтты.

“Көкжайлау – адамдардың тегін тауға шығып, демалатын жалғыз орындарының бірі. Ол балаларға, қарттарға, отбасыларға арналған демалыс орны. Егер ол да коммерциялық жобаға айналса, қарапайым халық тағы бір мүмкіндігінен айырылады”, – деді Сая Манарбекқызы.

Ол екі тарифтік жүйе енгізу мәселесін талқылауға шақырып, қоғам пікірінің маңызды екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove