«Шеврон» компаниясы STEM білім беру жүйесін дамытуға мүдделі

Dalanews 08 қаз. 2018 06:18 806

Республикалық физика-математика мектебі, Тұңғыш Президент қоры және Science on Stage Europe ұйымы бірлесіп Қазақстанда алғаш рет ұстаздарға арналған STEM фестивалін өткізді.

Шараға «Шеврон» компаниясы демеушілік етті.


 STEM (Ғылым. Технология. Инжиниринг. Математика) инновациялық білім беру бағдарламасының сапасын арттыру және ұстаздардың инновация саласындағы идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру мақсатында өткізілген шараға барлығы 25 ұстаз қатысты. 20-дан аса жоба таныстырылды.



Байқау аясында іріктеліп алынған үздік жобалар келер жылдың қараша айында Португалияда өтетін фестивальде Қазақстан атынан бақ сынайтын болады.

– «Шеврон» компаниясы STEM (Ғылым. Технология. Инжиниринг. Математика) инновациялық білім бағдарламасын Қазақстанда әрі қарай да дамыта түсуге мүдделі.


Осынау жобаның арқасында STEM –ді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туарына сенімдіміз, – деді бұл ретте Шеврон өкілі Айнұр Сыдықова.

Физика – математика мектебінің даму бойынша басқарма төрағасының орынбасары Ержан Өтеулінің айтуынша, қазіргі таңда мұғалімдер арасында идея алмасу мәселесі аса өзекті.

– Бұл отандық білім саласының ілгерілеуіне, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықтың артуына септеседі, – дейді ол.

Шынымен де осынау шараның арқасында инновациялық бағытта білім беретін ұстаздар тәжірибе алмасатын ортақ алаңда бас қосып, ғылым мен технология төңірегіндегі көзқарастарын ортаға салды.


Байқау нәтижесінде әрбір ұстаз осы уақытқа дейінгі тәжірибесін жаңа идеялармен толықтырып, мұны оқушылармен бөлісуге мүмкіндік алды.



Фестивальде үздіктері ретінде келесідей жобалар іріктелініп алынды:

 Бұлардың алғашқы AirGarden деп аталады. AirGarden STEM бағдарламасының барлық ұстанымдарын бір жерге топтастырған жоба ретінде жоғары бағаланды. Көкөніс өсіруге жаңа тұрғыдан көз тастаған идея авторлары жобаның болашағы жарқын боларына сенімді.   

«Робот көмекшісі» деп аталатын жоба өз кезегінде бағдарламалау алгоритмдерін визуализациялайтын қабілетке ие.

Ал сымсыз Pasco сенсоры оқу процесін мектеп ішінде емес, табиғат аясында жүргізуге мүмкіндік береді.

«Креативті пластилин» жобасы да байқау қатысушыларын електен өткізген әділ қазыларды таңғалдырды. Пластилиннің көмегімен оқушылар математика сабағында түрлі геометрикалық фигураларды жасайтын мүмкіндікке ие болады.


Жобалар оқушылар қызығушылығын тудыратын, нақты нәтиже беретін, өндіріске кіріге алатын, күнделікті қолданысқа жарайтын әрі шығыны қалта көтерерлік талаптар бойынша іріктеліп алынды.  

Биылғы жылдың наурызында Қазақстанның Республикалық физика-математика мектебі STEM еуропалық ұстаздар қауымдастығының «Science on Stage Europe. Science on Stage» ұйымына мүше атанған еді. Іске қосылған 18 жылдың ішінде Science on Stage әлемнің 30 елінен 100 мыңға жақын ұстазды қамтыды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар