Дүниежүзілік банк Қазақстандағы технологиялық стартаптарды дамыту және экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаға $75 млн несие бөлуді мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дүниежүзілік банктің атқарушы директорлар кеңесі 11,9997 млрд жапон иеніне тең, яғни шамамен $75 млн көлеміндегі қарызды мақұлдаған. Қаржы технологиялық стартаптарды құруға, коммерцияландыруға және ауқымын кеңейтуге бағытталады.
Жоба «Жасанды интеллект саласындағы оқыту, кәсіпкерлік және нарықтарды дамыту» (ALEM) деп аталады. Оның негізгі мақсаты – Қазақстандағы өнімділікке негізделген экономикалық өсуді қолдау, жоғары білікті жұмыс орындарын құру және технологиялық секторға жеке инвестиция тарту.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, жоба нәтижесінде 10 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұл үшін төрт бағытқа басымдық беріледі: цифрлық мамандар даярлау, жоғары өнімді есептеу ресурстарына қолжетімділікті кеңейту, робототехника саласындағы прототиптеу инфрақұрылымын дамыту және өсіп келе жатқан стартаптарға венчурлік қаржы тапшылығын азайту.
Жоба 2031 жылдың желтоқсанына дейін 28 мың жастың тереңдетілген даярлық бағдарламаларынан өтуіне мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар 800 стартапқа қолдау көрсетіліп, 50-ден астам компанияға венчурлік инвестиция тартуға және кемінде $60 млн жеке капитал жұмылдыруға ниет бар.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Еуропа мен Орталық Азиядағы AI негізіндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізген компаниялардың өнімділігі орта есеппен 10–20 пайызға жоғары.
Жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылады. Оны Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana Hub және Alem Capital Management компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.